Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті кезекті серіктес-кәсіпорынмен меморандум жасасты

None
АЛМАТЫ. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен «Марсель Петролеум» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Жоғары оқу орнының баспасөз қызметінен хабарлағандай, Ғылыми кеңестің кезектен тыс алтыншы отырысы барысында серіктестіктің бас директоры Махмұт Ыбырайханұлы университеттің 75 жылдық төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ «Қорқыт Ата Қызылорда мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры» атағына ие болды.

"Еліміздің болашағы - жастардың сапалы білім алып, білікті маман болып қалыптасуына осындай байланыс арқылы септігімді тигізіп жатқаныма қуаныштымын. Оқу орнында білім алып жатқан жас мамандарды біздің кәсіпорынмен тығыз байланыс жасап, теориялық білімдерін өндірістік тәжірибеде қолдануға шақырамын», - деді М. Ыбырайханұлы.

Университетпен бұған дейін де тығыз қарым-қатынас жасап келе жатқан серіктестік бұл үрдісті алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

Жалпы жоғары оқу орны 200-ден аса ірі кәсіпорынмен және ұйыммен тығыз байланыс орнатқан. Мұндай екіжақты меморандумдар өз кезегінде білім сапасын нығайтуға, университеттің материалдық-техникалық базасын дамытуға, оқу бағдарламаларын жетілдіруге, жаңа технологияларды игеруге жан-жақты жол ашады.