Ал бұл міндетті абыроймен атқара білген азамат өз заманының заңғар тұлғасы, халқының мәңгі есте ұстайтын біртуар ұлдарының бірі болып қала бермек. Ата-бабамыз мыңдаған жылдардан бері аңсаған тәуелсіздікке Қазақстанның қол жеткізгені кеше ғана. Осы аз ғана жылдар ішінде еліміздің мемлекет болып қалыптасуына, оның болашағы жарқын іргелі ел болуына үлес қосқан атпал азаматтар аз болған жоқ. Сол үшін де бүгін оларды халқымыз қадір тұтып, құрметтейді. Олардың есімі төл тарихымыздың төрінен ойып тұрып орын алары сөзсіз. Халқымыздың маңдайына біткен осындай асыл ұлдарының бірі - еліміздегі көппартиялы жүйенің, демократия мен қазақ парламентаризмінің негізін қалаушы, сол кездегі Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің XII және XIII шақырылымдарының, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің I және II шақырылымдарының депутаты, экономика ғылымының докторы, «Еуразия» халықаралық академиясының академигі Марат Оспанов.
М. Оспанов тәуелсіз еліміздің құрылысына ерен үлес қосқан танымал саясаткер ретінде ел есінде. Ол мемлекетімізде нарықтық экономиканың қалыптасып, заңнамалық базамыздың өмірге келуіне негіз қалады. Осы істің барлығын Мемлекет басшысының, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет құру жолындағы бастамалары мен елде жүргізген саясатын негізге ала отырып, жүргізді. Яғни ол Президентіміздің басты қолдаушыларының бірі болды. Оның өзге саясаткерлер мен өзімен үзеңгілес қайраткерлерден ерекшелігі де осында. М. Оспанов Бас салық инспекциясының бастығы, Қаржы министрінің бірінші орынбасары, Жоғарғы кеңес төрағасының орынбасары, Министрлер кабинеті жанындағы Шетелдік капиталды пайдалану жөніндегі комитет төрағасы, «Отан» партиясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Осының өзі әйгілі саясаткердің мемлекеттің дамуына қаншалықты зор үлес қосқандығын көрсетсе керек. М. Оспановтың атқарған істері мен еңбек жолына қарап отырып, бүкіл Қазақстанның қалыптасу тарихын елестетуге болады.
«Өте еңбекқор, қарапайым ғана қазақтың баласы спортты жанындай жақсы көретін. Ол мектепте оқып жүргенде футбол, шаңғы тебу сияқты спорт түрлерін ұнататын. Ол кезде әр саланың өзінің ұжымы болады. Марат айналысатын спорт түрін ұнататын балалардың да осындай ұжымы бар еді және Мараттың ұжымындағы жастарды өзімен бірге ерте білетін, басқара білетін көшбасшылық қасиеті бар еді» деп еске алады әйгілі саясаткердің ұстазы. «Ақыл жастан, асыл тастан» демекші, бұл бала Мараттың бойындағы жұртты өзімен ерте білетін, ортақ іске көптің назарын ұйыта білетін басқарушылық қабілетінің жаңадан таныла бастаған кезі болса керек. Ол 1949 жылдың қыркүйек айының 17-сінде Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1947 жылы Мәскеудің Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтын бітірді. Еңбек жолын Қазақ ССР-нің Мемлекеттік жоспарлау саласындағы есептеу орталығының ғылыми-зерттеу институтында кіші қызметкерден бастаған. 1971-1972 жылдар аралығында әскери борышын да өтеп үлгерген. Кейінірек, яғни 1973-1976 жылдар аралығында Ақтөбе медициналық институтының СОКП тарихы және саяси экономика кафедрасында сабақ берген. Бұдан соң тағы Қазақ Мемлекеттік университетінің аспиранты болады. Университетте оқып жүргенде және сабақ берген жылдары ол қоғам өміріне де белсене араласқан. Медициналық институттың партиялық комитетінің хатшысы болып жүрген кезінде-ақ әйгілі саясаткердің басшылық қыры таныла бастайды. Сол жылдардағы нарықтық экономика, елдегі жағдай сарабдал саясаткердің бойына біткен қасиеттерін ерекше шыңдай түскен. Ол мемлекет өміріне белсенді араласа жүріп, «Қайта құру үшін» қоғамдық-саяси клубын басқарушылардың бірі болды. Саяси мәселелерді өзіне деген сенімділік пен ізденіс, еңбекқорлық қасиеттері М.Оспановты 1990 жылы Жоғарғы кеңестің депутаты лауазымынан бір-ақ шығарған. Бұл Қазақстанның әлі де болса болашағының бұлыңғыр кезеңі. Осы уақытта депутат бола жүріп, М. Оспанов «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобының негізін қалайды.
М. Оспанов демократиялық құндылықтардың қадір-қасиетін жете түсініп, соның жолында еңбек ете білген жан. Оның Парламент қабырғасындағы еңбектері де негізінен осы мәселеге бағытталды. Ол Қазақстанның болашақ заңдарын тап осы демократиялық құндылықтармен астасып жатуын қарастыра отырып қабылдануына ықпал етті. М.Оспанов сонымен қатар Батыс пен Еуропа елдерінің ұстанымдарынан бастау алатын еліміздің Салық кодексінің негізін қалады. Ал оның «Начнем с понедельника» басылымында жарық көрген «Тұрақтылықтан дамуға» атты мақаласы, сөз жоқ, мемлекет дамуына қажетті стратегиялық құжаттардың бірі. Оның өзге құжаттардан ерекшелігі де сонда - құжат Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және өзге де ерекшеліктерін ескере отырып дайындалған.
Марат Оспанов сол кездегі билік басында отырған азаматтардың арасында бұқаралық ақпарат құралдарын басты саяси күш ретінде танитын азамттардың бірегейі болатын. Тек М. Оспанов ғана төртінші билік өкілдерімен көсіле тілдесіп, болашақ жоспарларын да жариялап жіберуден жасқанбайтын. II дәрежелі «Барыс» ордені мен «Астана» медалінің иегері, еліміздің салық, экономика, қаржы саласына қатысты көптеген оқулықтардың авторы Марат Оспановты замандастары бүгінде былайша еске алады: «Ол отбасының ұйытқысы, барған жеріндегілер ылғи да күтіп отыратын көпке сыйлы азамат еді. Қазақстан парламентаризмінің қалыптасу жылдары Мәкеңнің есімімен байланысты. Ол Парламенттің алғашқы спикері ғана емес саясаттың кемеңгері болатын».
Осындай тұлғалы саясаткер Марат Оспанов көзі тірі болғанда, қыркүйектің 17-сінде 60-ты алқымдайтын еді. Мемлекет үшін, елі үшін, жері үшін тер төгіп еңбек еткен, бойындағы бар қасиеттерін ұлтының болашағы жолындағы істерге сарп еткен атпал азаматты бүгінде өлді деуге ешкімнің де аузы бармайтыны анық. Өйткені ол артында өшпес із қалдырды. Ел үшін еңбек еткен ердің есімін елі ұмытпайды. М. Оспановтың есімін де еліміз ешқашан ұмытпайтыны анық.
Бүгінде Алматыда М. Оспановтың аты жазылған мемориалдық тақта бар. Тап осындай ескерткіш туып өскен қаласы Ақтөбеде де орнатылған. Алайда халқының абзал азаматына көрсеткен ең үлкен құрметі, оның есімін, ел үшін істеген еңбегін жадында мәңгі сақтайтындығы болса керек.