Көрнекті шығармашылық өкілдері туралы келесі кітабым Б. Аюхановқа арналады - И. Серкебаева

АЛМАТЫ. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат -  Ирина Серкебаваның Ермек Серкебаев пен Бибігүл Төлегенова туралы жазған кітаптары алдағы уақыт қазақ, ағылшын тілдеріне аударылмақ.

 Жазушылық қадамын  АҚШ-тың Сан-Франциско қаласы туралы шығармадан бастаған ол  2007 жылы «Записки папенькиной дочки» әңгімелер топтамасын,   2009 жылы «Кризис среднего возраста»  жинағын шығарған болатын.

«Одан кейін еліміздегі аса көрнекті шығармашылық өкілдері туралы өмірбаяндық шығармалар  сериясын жазуға бел буып, бұл бағыттағы алғашқы қадамды әкемнен бастадым. Ол 2010 жылы  «Ермек Серкебаев. И жизнь, и молодость, и счастье» деген атпен жарық көрді. Сол кезде енді Бибігүл Төлегенова туралы кітап жазам деп уәде берген едім. Оны 1,5 жылдың ішінде жүзеге асырдым. Жалпы кітап шығаруда уақыттың басым бөлігі кейіпкер туралы мағлұматтарды жинауға  және оны сұрыптауға жұмсалады. Мәселен КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова туралы кітапты материал дайын болған кезде  2 айда жазып шықтым», - дейді Ирина Серкебаева. Оның айтуынша, өз арманын жүзеге асыру ең алдымен қаржыға тіреліп тұр. Егер бәрі ойдағыдай шешілсе алдағы уақытта Болат Аюханов, Әлібек Дінішев, Раушан Байсейітова секілді өнер шеберлері туралы өмірбаяндық шығармалар жазбақ.