Коронавирус: 211 қазақстандық шетелден ПТР-анықтамасыз ұшып келді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 16 наурыз күні Қазақстан аумағына Германия, Мальдив, БАӘ, Мысыр, Түркия, Украина, Ресей, Грузия, Өзбекстан және Қырғызстаннан 27 халықаралық әуе рейсі ұшып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, өткен бір тәулікте елімізге 3 640 жолаушы ұшып келді. Олардың 3 429-ында коронавирусқа ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтама болған. Қалған 211-і анықтамасыз келді, барлығы - ҚР азаматтары.

Атап айтқанда:

- Алматы қаласының әуежайына – 17 рейс, 2 366 жолаушы, анықтамамен – 2 195, анықтамасыз - 171;

- Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына – 5 рейс, 584 жолаушы, анықтамамен - 568; анықтамасыз - 16;

- Шымкент қаласының әуежайына – 4 рейс, 543 жолаушы, анықтамамен - 519; анықтамасыз - 24;

- Ақтау қаласының әуежайына – 1 рейс, барлық 147 жолаушы анықтамамен келген.

«Анықтамасы болмаған Қазақстан азаматтары келген жерлері бойынша COVID-19-ға ПТР-талдау әдісімен тестіленді және карантиндік стационарларда өз нәтижелерін күтуде», - деді комитеттен.

Сондай-ақ 15 наурыз күні шетелден анықтамасыз келген Қазақстанның 150 азаматының ПТР-талдау нәтижесі дайын болған. Оған сәйкес, ешбір жолаушыда коронавирус анықталмады.