Коронавирус: АҚШ Африкаға 25 млн-нан астам вакцина жіберген

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Америка Құрама Штаттары Алжир, Гана және Йеменге COVID-19 вакциналарының екі миллионнан астам дозасын жеткізіп, бүкіл Африкадағы пандемияның үшінші толқынына қарсы күресті күшейтуде.

Бұл туралы ҚазАқпарат COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының Telegram каналына сілтеме жасап хабарлайды.

«АҚШ әкімшілігі бұл пандемияны тоқтату үшін оны бүкіл әлемде жою керек екенін түсінеді», - деді Ақ үйдің өкілі.

Шенеуніктің айтуынша, соңғы жеткізілімдердің нәтижесінде АҚШ-тан Африкаға жөнелтілген вакциналардың жалпы саны 25 миллионнан асады.

Pfizer және Biontech фармацевтикалық компаниялары Бразилияда COVID-19-ға қарсы вакцина шығару және оны Латын Америкасында тарату туралы Eurofarma Бразилиялық фармацевтикалық компаниясымен келісімге қол қойды.

Pfizer мәлімдемесінде Eurofarma компаниясы Pfizer және BioNTech вакцинасының жаһандық жеткізілім тізбегі мен өндірістік желісі аясында қызмет атқаратын 20-дан астам өндірістік кәсіпорынның бірі ретінде COVID-19-ға қарсы вакцина шығаратыны айтылған.

Вакцина өндірісі 2022 жылы басталады. Нысан толық өндірістік қуатпен жұмыс істесе жылына 100 миллион дозадан астам вакцина жасауға қауқарлы. Барлық дозалар тек Латын Америкасында таралады.