Коронавирус: Алматыда 22 адамның жағдайы ауыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгінге дейін Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 1848 жағдайы тіркелді. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, кеше қалада вирусқа шалдығудың жаңадан 46 оқиғасы анықталды. Оның 8-і – жергілікті жағдай, 12-сі – инфекцияның үйдегі ошақтарымен байланыста болған азаматтар. Қалғандары – карантиндік және провизорлық орталықтарда жатқандар.

«Осы уақытта қаладағы инфекциялық стационарларда 929 адам емделуде, оның 40-ы – бала. Екі адамның жағдайы – өте нашар, ауыр халде жатыр. 22 адамның жағдайы – ауыр, 296 науқастың халі – орташа ауыр. Ал қалғандарында – қанағаттанарлық, олар симптомдары жоқ науқастар», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Сондай-ақ, ол Алматыда жазылып шыққан азаматтардың саны 910 адамға жеткенін, бүгін тағы 50 адамды ауруханадан шығару жоспарланғанын айтты.

«Провизорлық госпитальдарда 251 адам бар, оның 6-уы бала. Карантиндік оқшаулауда 260 адам, үй карантинінде 13 087 адам бақылауда», - деді ол.