Коронавирус: Алматыда «омикрон» штамы анықталған жоқ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «омикрон» штамы анықталған жоқ. Бұл туралы брифинг барысында қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мегаполисте коронавирус жұқтырғандар саны азайғанын айтты.

Күніне 30-40 жағдай тіркеледі, бұл қаланың жасыл аймақта қалуына мүмкіндік береді.

«Коронавирустың жаңа штамына келетін болсақ, ол қалада тіркелген жоқ. Бүгінгі күні біз Денсаулық сақтау министрлігінен науқастардан алынған ПТР-тест нәтижелерін алдық. «Омикрон» біздің қалада табылған жоқ»,- деді ол.

Оның айтуынша, жаңа штамм пайда болғаннан бері Алматы әуежайына «омикрон» табылған елдерден 1600 адам келді. Олардың бәрі Алматы қаласының тұрғыны.

«Шет елден келген алты жолаушыдан коронавирус анықталды. Олардың ПТР-сынамаларының нәтижелері секвенирлеу үшін Нұр-Сұлтанға жіберілді»,- деді Жандарбек Бекшин.