Коронавирус: Астаналық дәрігерлер қайтадан екі есе жүктемемен жұмыс істеп жатыр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциясы науқастары Наурыз мейрамдарынан кейін өсті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясы науқастарының өсімі Наурыз мейрамынан кейін байқалды. Бұл халықтың санитарлық нормаларды сақтамау, адам көп шоғырланған орындарға бару, карантин режимін бұзуына байланысты болды. Астаналық дәрігерлер мен барлық медицина қызметкерлері қайтадан екі есе жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Бүгінде инфекциямен күреске 3700-ден астам медицина қызметкері тартылды. Жұқпалы аурулар стационарындағы жұмыс үшін құрылған кадрлық резерв те күннен-күнге шақырылып жатыр», - деді Т. Мұратов елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте.

Айта кетейік, наурыздың 25 күнінде 3754 жаңа КВИ жағдайы тіркелген, мұны 2020 жылғы шілде айының басындағы көрсеткішке теңеуге болады.

Бүгінде жұқпалы аурулар стационарында 480 адам жатыр (төсек-орынның 64 пайызы). Жансақтау бөлімінде ем қабылдайтын науқастар саны артты. Қазіргі уақытта бұл бөлімде 55 науқас жатыр, оның ішінде 14-і жасанды тыныс алу машинасымен дем алуда.

Бұған дейін Тимур Мұратов елордадағы эпидемиологиялық жағдайды шілде айындағы ауыр кезеңге теңеген еді.