ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 3419 науқас амбулаториялық ем алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның 1962-сі немесе 57,3 пайызы Орал қаласының үлесіне тиеді.
Оның сөзіне қарағанда, 2506 адамның (73,2 пайызы) ауруы жеңіл өтуде. 127-сі (3,7 пайызы) орташа, 786-сы (23 пайызы) - симптомы жоқтар.
Қазіргі кезде облыста 134 мобильді бригада жұмыс жасауда, соның 66-сы қалада, 68-і аудандарда.
Соңғы он күнде 11 520 шақырту болса, соның 6150-і (53,4 пайызы) КВИ, 5370-і (46,6 пайызы) ЖРВИ белгілері бойынша.
«Күні бүгін 14 инфекциялық стационарда 394 науқас ем қабылдауда. Ал жансақтау бөлімінде жатқан 21 науқастың 19-ы ауыр, екеуі аса ауыр халде», деді Г.Әбдірахманова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 45 мыңнан астам адамның ревакцинациядан өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).