Коронавирус: Бельгия шекарасынан өту режимі қатаңдатылды

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Бельгия үкіметі коронавируспен күрес бойынша маңызды шараларды анықтау үшін Консультативтік комитеттің кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл соңында коронавирустың таралуын болдырмау үшін Бельгия шекарасынан өту ережелерін қатаңдату туралы шешім қабылданған болатын. Енді Бельгияға кіргісі келетін шетелдік азаматтар COVID-19 үшін теріс нәтижелі тест тапсыруы керек. Жұмысқа баратын адамдар үшін кейбір ерекшеліктер жасалады. 48 сағаттан астам уақыт бойы шетелде болған Бельгияның кез келген тұрғыны «жұқтыру қаупі жоғары адам ретінде қарастырылады және жеті күн ішінде карантинде болуы керек.

Бұдан бөлек, жолаушыларды іздеудің арнайы нысанын толтырудың міндетті рәсімі белгіленеді.

Бельгия Үкіметі жоғарыда аталған ережелерді қатаң тексеруге уәде береді.

«Бүгінгі таңда тәулігіне жаңа инфекция жұқтырғандар саны сегіз апта бұрынғыдан 10 есеге аз. Өйткені біз бәріміз белгіленген ережелерді сақтадық. Алайда елде вирус жұқтырғандар санының баяулай бастағанын көреміз. Бұл коронавирустың үшінші толқынының бастауы болуы мүмкін және біз алдын алуымыз керек», - деді Бельгия премьер-министрі А. Кроо.

Айта кетейік, Қазақстанда да корорнавирустың таралуына жол бермеу мақсатында шекарадан өту кезінде тиісті талаптар ескерілген. 2020 жылғы 17 желтоқсанда ПТР-анықтамасыз ұшып келген 3 қазақстандықтан COVID-19 анықталған болатын.

2020 жылғы 18 желтоқсанында Қазақстан Республикасының аумағына Румыния, Қытай, Грузия, Мысыр, Түркия, БАӘ, РФ, Беларусь Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстаннан 17 халықаралық әуе рейсі келді. 2 561 әуе жолаушыларының ішінде ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтамамен 2 351 адам, анықтамасыз 210 ҚР азаматтары келді.

Оның ішінде: Алматы қаласының әуежайына – 9 рейс, 1 641 жолаушы, анықтамамен – 1 513, анықтамасыз - 128; Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына – 6 рейс, 789 жолаушы, анықтамамен - 707; анықтамасыз - 82; Атырау қаласының әуежайына – 1 рейс, барлық 44 жолаушы анықтамамен келді; Ақтау қаласының әуежайына – 1 рейс, барлық 47 жолаушы анықтамамен келді.

Анықтамасыз келген Қазақстан азаматтары келген жерлері бойынша COVID-19-ға ПТР-талдау әдісімен тестіленді және карантиндік стационарларда өз нәтижелерін күтіп жатыр.

2020 жылдың 17 желтоқсанында анықтамасыз келген 378 ҚР азаматтарының ПТР-талдауларының нәтижелері бойынша Дубай – Нұр-Сұлтан рейсімен келген 3 жолаушыдан коронавирустық инфекция анықталды.