ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 1123 төсектік 18 инфекциялық стационарда 482 адам емделіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың мәлім еткеніндей, қазіргі кезде ауруханалар 42,9 пайызға толған.
Соның ішінде Оралда 600 төсектік 5 стационарда жатқандар саны 399-ға жетті (66,5 пайыз).
Жансақтау бөлімінде 37 науқас ем қабылдауда.
Жыл басынан бері өңірде 15059 адам, соның ішінде Оралда 8351 (55,4 пайыз), Бәйтерек ауданында 2156 (14,3 пайыз), Бөрліде 1686 (11,1 пайыз) науқас тіркелген.
Соңғы тәулікте 91 адамнан коронавирус анықталды.
Бір аптада алдыңғымен салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 4,9 пайызға (25 науқасқа) төмендеді.
«Облыста тұрғындарды вакцинациялау жұмыстары жалғасуда. Күні бүгінге дейін 85431 адам коронавирусқа қарсы екпенің бірінші, 56328 -і екінші компонентін алды», деді А.Сақпосынова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы төрт күнде 260-қа жуық адамның коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).