Коронавирус: БҚО-да амбулаторлық ем алып жатқан науқастар саны 68,4 пайызға төмендеді
БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 85-і немесе 57,8 пайызы Орал қаласында тіркелген.
Оның айтуынша, өткен аптамен салыстырғанда, амбулаторлық науқастар саны 68,4 пайызға төмендеді.
Сондай-ақ 14 инфекциялық стационарда 70 науқас бар, бұл өткен аптамен салыстырғанда, 59,8 пайызға аз. Стационарлар 9,3 пайызға толған.
Жансақтау бөлімшесінде жатқан 14 науқастың 13-і немесе 93 пайызы екпе алмаған. Бұлардың біреуі – 65-ке дейін, 13-і – 65 жастан, соның ішінде алтауы – 80-нен асқандар. 9 науқас ауыр, бесеуі аса ауыр халде. Инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 5, инвазивті емес осындай құрылғыға 7, оттегі көзіне 2 науқас қосылған.
«КВИ-мен ауырып, стационарлық ем алған адамдар көрсеткіштері бойынша оңалту емін алуына болады. Оңалту қалалық көпбейінді аурухана, Жаңақала ауданаралық сауықтыру орталығы және медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында жүргізіледі. Ауырлық деңгейін және созылмалы сырқаттарын ескере отырып, әр науқасқа жекелей сауықтыру жоспары жасалады. Оңалтуға тыныс алу гимнастикасы, дренажды массаж, физиоемдеу кіреді. Оңалту курсы 7-10 күнге есептелген», деді А.Қалибеков.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы аптада 8 адамның коронавирустан көз жұмғанын жазған болатынбыз.