ОРАЛ. ҚазАқпарат – Коронавируспен ауырған оралдық әйел бүгін үйіне шығарылды. Бұл туралы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аурухана басшысының айтуынша, науқастың жағдайы қанағаттанарлық.
«Әйел әлі 14 күн үй карантинінде болады. Оған мекенжайы бойынша бекітілген емхана бақылау жасайды. Қалған 7 науқастың жағдайы тұрақты», деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Ахметова.
Бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған әйелдің Атыраудан келгенін жазған болатынбыз. Орал қаласының 37 жастағы тұрғыны қызмет бабымен Атырауда іссапарда болған.
Кейін осы әйелге қатысты жеке мәліметтердің таралуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған науқастың ауруханадан шығуға дайындалып жатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ БҚО-да соңғы тіркелген екі тұрғынның Ресейден келгені белгілі болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).