ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған соңғы екі науқас та Ресейден келген болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірдің шұғыл штабы мәлім еткеніндей, олардың бірі – БҚО-ның 22 жастағы, екіншісі – Ақтөбе облысының 23 жастағы тұрғыны.
Бұлардың екеуі де Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істейтін, бұрын коронавирус анықталған азаматпен бірге келген.
Карантиндік стационарға жатқызылғаннан кейін зертханалық сынама алынып, коронавирусқа шалдыққаны белгілі болды.
Қазіргі кезде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан екі науқастың да жағдайы қанағаттанарлық.
Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 32-ге жетіп, соның екеуі жазылып шықты.
Күні бүгін өңірде провизорлық стационарда 148, карантиндік стационарда 81 адам жатса, 1396 адам үйлерінде оқшауланған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы тіркелген төрт науқастың Ресейден келгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).