Коронавирус: БҚО-да соңғы тіркелген төрт науқас Ресейден келген

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы тіркелген бес науқастың төртеуі Ресейден келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-ның шұғыл штабы мәлім еткеніндей, олардың бәрі де – облыс тұрғындары.

Бұлардың ішінде біріншісі – Орал қаласының 30 жастағы тұрғыны. Коронавирус жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты ол карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған.

Бүгін коронавирус анықталған төрт тұрғын Ресейде вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Олар Саратов облысымен шекарада орналасқан «Тасқала» автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекеттен өткен кезде денсаулықтарына ешқандай шағымы болмаған. Карантиндік стационарға жіберіліп, зертханалық тексеру қорытындысымен бұлардан да коронавирус анықталды.

Қазіргі таңда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан науқастардың жағдайы қанағаттанарлық.

Сырқаттармен қарым-қатынаста болғандар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидзерттеу және дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.

Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 30-ға жетсе, соның екеуі жазылып шықты.

Күні бүгін провизорлық стационарда 50, карантиндік стационарда 158 адам жатыр. Үйінде оқшауланған 1396 адам дәрігерлердің бақылауында.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да екінші адамның үйіне шығарылғанын жазған болатынбыз.