ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жедел штаб құрылып, барлық мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте қала әкімі Абат Шыныбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шаһар басшысының айтуынша, елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қалада барлық қажетті шаралар алынуда.
Соның ішінде тұрғындарды азық-түлікпен, басқа да өмірлік қажеттілікпен қамтамасыз етуге, санитарлық қауіпсіздік шараларына баса мән берілуде. Айталық, қала халқын сумен және жылумен қамтитын «Батыс су арнасы» ЖШС, «Жайықжылуқуат» АҚ күшейтілген режимге көшті.
Облыс орталығында 1446 бизнес нысандары жұмыс істейді. Соның ішінде 117 мейрамхана, 213 кафе, 26 филиалы бар 11 супермаркет, 80 сауда үйі бар.
«Қазіргі таңда қала жиырма аумаққа бөлініп, жедел штаб өкілдері сол аудандағы бизнес нысандарында төтенше жағдайға байланысты тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қала аумағында орналасқан 21 базарда санитарлық шаралар атқарылуда. Сол секілді қалада жолаушы тасымалымен алты кәсіпорын айналысады. 28 бағытта автобус жүретін болса, соңғы аялдамаларда қоғамдық көліктерді дезинфекциялау шаралары қолға алынды», деді А.Шыныбеков.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).