Коронавирус: Елімізде дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирусты емдеуге арналған дәрілік заттардың 38 позициясы бойынша препараттардың 2 айлық қоры бар. Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дәрімен қамтамасыз етуде іркілістерді болдырмау үшін бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында Сovid-19-ды емдеуге арналған дәрілік заттардың 38 позициясы бойынша 6 млрд теңгеден астам сомаға препараттардың 2 айлық қоры айына 60 мың пациентті қамту үшін қалыптастырылды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта зертханалық ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне 123 мыңға дейін жеткізілді.

«Қалаларда уақытылы медициналық көмек көрсету үшін 16 модульдік инфекциялық ауруханасы салынды. 36 мыңға жуық төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген. Медициналық ұйымдардың өкпені жасанды желдету аппараттарына қажеттілігі толық қамтамасыз етілді», - деді А. Цой.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Алексей Цой ауруханаларда инфекциялық орындардың жүктемесі туралы түсінік берді.