Коронавирус: Елордаға ПТР анықтамасыз ұшып келген жолаушылар қалай тексеріледі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордаға күн сайын халықаралық әуе рейстерімен бірнеше жүздеген жолаушының келетіндігі белгілі. Ал олардың COVID-19 жұқтырған не жұқтырмағанын анықтау қалай жүргізіледі? Әуе рейсімен келген жолаушылардың ішінде күнделікті қанша адамнан коронавирус анықталады? Бұл сауалдарға елордадағы №3 қалалық көпбейінді аурухананың директоры Жұлдыз Данбаева жауап берген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясына байланысты карантин стацонары ретінде бұрынғы «Рамада плаза« қонақ үйі жұмыс істеп тұр. Ол жерде 500 төсек-орынға арналған карантиндік стационар құрылған. Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, оған шетелден әуе рейсімен ұшып келгенімен қолында ПТР тестінің нәтижелері жоқ жолаушылар жеткізіледі. Тәулік ішінде шамамен елордаға 5-6 рейс ұшып келеді дейтін болсақ, солардың ішінде зерттеу нәтижесі жоқ шамаен 50-60 жолаушы осы стационарға жатқызылады», - деді Жұлдыз Данбаева.

Дегенмен, ол соңғы уақытта шетелден ұшып келген Қазақстан азаматтарының арасында тек 5 жолаушыдан ғана коронавирус анықталғанын айтады.

«Егер адамнан инфекция анықталмаса, онда біз оны үйіне жібереміз. Оларды тек 2 тәулік қана ұстаймыз. Дегенмен, әдетте ұшақпен келген жолаушылар бізде тәулікке жетпейтін уақыт ішінде ғана болады. Себебі сараптамаларды жылдам жасаймыз. Науқаста коронавирустың симптомсыз формасы болса, онда үй карантиніне жібереміз. Онымен байланыста болған адамдар да вирус белгілері байқалмаса үйден емделуге жіберіледі. Ал коронавирус белгілері бар адамдарды 40-шы стансада орналасқан қалалық модульдік жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырамыз», - деп түсіндіреді ол.

Аурухана директоры елордаға әуе кемесімен ұшып келген, алайда ПТР анықтамасы жоқ жолаушыларға барлық жағдай жасалып отырғандығына баса назар аудартады.

«Біреулер сараптама тапсырып үлгермесе, енді бірі зертхана таба алмай қалады. Ақшасы болмай қалатын жолаушылар да кездеседі. Олардың барлығы осы жерге (»Рамада плаза« қонақ үйі) жеткізіледі және тегін ПТР тестілеуден өтеді. Жолаушылардың басым бөлігі сараптама қорытындысымен келетіндігін атап өткен жөн. Жалпы, әр рейспен қолында сараптама нәтижесі жоқ бірнеше ғана жолаушы ұшып келеді. Бізде 5 жасқа толмаған балалар тест тапсырмайды. Карантин стационарында үш рет тамақ беріледі», - деді Жұлдыз Данбаева.

Сонымен қатар Жұлдыз Данбаева өзі басшылық жасайтын ауруханада өзге де ауруға шалдыққан науқастардың ем алатындығына назар аудартады.

«Біз көпбейінді аурухана саламыз және жоспарға сәйкес, коронавирус инфекциясы ушыққан, жұқпалы аурулар ауруханасы лық толған жағдайда, яғни үшінші кезеңде тұрмыз. Қосымша төсек-орын дайындап, оттегі тартып қойдық. Өкпені жасанды желдету аппараттарымыз да дайын. Дәрі-дәрмектің 2 айға жететін қоры бар. Күнделікті аздаған өсім болғанына қарамастан әзірше елордадағы ахуал тұрақты. Бірде науқастар саны артып, бірде кеміп отыр. Қазіргі уақытта «сары« аймақта тұрғанымыз да белгілі. Кадр мәселесі толық шешілген. Наурыздан бері команда жасақтап, мамандарымызды оқытып алдық. Қазір бізде бәрі дайын. Штаттық кесте келісіліп, барлық дәрігеріміз үнемі байланыста отыр», - деді елордадағы №3 көпбейінді қалалық аурухананың директоры Жұлдыз Данбаева.

Айта кетерлігі, өткен тәулікте ғана Қазақстанда 762 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталды. Қазіргі уақытта елімізде коронавирустан 9 961 адам емделуде.

Олардың арасында 464 бала бар. Жалпы науқастардың арасында 228 адамның денсаулық жағдайы нашар.

Соның ішінде 22 науқастың жағдайы қатты ауыр деп бағаланып отыр. 23 науқас жасанды тыныс алу аппаратында жатыр.


Соңғы жаңалықтар