Коронавирус: Елорданың қай ауруханаларында қосымша төсек-орындары қойылады
«Бүгінде КВИ-мен күресу үшін 11 стационар ұйымдастырылды, оның ішінде 10 инфекциялық, бір карантиндік стационар («Ramada Plaza» қонақ үйі базасында). Қосымша үш ұйымның базасында 300 инфекциялық төсек-орын ашамыз», - деп атап өтті Т. Мұратов елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте.
Спикердің айтуынша, алғашқы 100 төсек-орын Травматология және ортопедия институты базасында ашылады. Келесі 100 орын Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық ауруханасында белгіленуі мүмкін. Тағы 100 төсек-орын қажеттілік туындаған жағдайда – Отан соғысы мүгедектерінің орталық госпиталінде қарастырылуы мүмкін.
«Барлық үш ұйым алдын-ала дайындықтан, тексеруден өтті және жұмысқа кірісуге дайын. КВИ-мен күресуге арналған стационарлар басқа аурулары бар науқастарға медициналық көмек көрсетуге еш кедергі келтірмейді. Олар бұрынғыдай жоспарлы және шұғыл емдерін ала береді», - деп түсіндірді басқарма басшысы.
Бұған дейін Тимур Мұратов елордадағы эпидемиологиялық жағдайды шілде айындағы ауыр кезеңге теңеген еді.
Коронавирус инфекциясы науқастарының өсімі Наурыз мейрамынан кейін байқалды. Астаналық дәрігерлер мен барлық медициналық қызметкерлер қайтадан екі есе жүктемеде жұмыс істеп жатыр.