Еуроодақта төрағалық етіп отырған Германия осы мәселені реттеуші – Еуропалық медициналық құрал-жабдықтар агеттігіне едәуір қысым жасап отыр. Осылайша Германия Еуропадағы індет қайта өршіген кезеңде вакцинацияны тезірек бастауды көздеуде.
Германияның өзінде қатаң карантин шаралары енгізілген. Ол карантин шаралары қаңтар айының ортасына дейін күшінде болады.
«Жақсы жаңалық туралы айтар болсақ, вакцина 23 желтоқсанда сертификаттан өтуі мүмкін. Әлбетте, ол үшін қазіргі мәліметтер өңделуі тиіс. Оптимистік сценарийге жүгінер болсақ, 23 желтоқсанға қарай бәрі де дайын болуы тиіс. Бұл – бүкіл Еуропалық одақ үшін керемет жаңалық болар еді», - дейді Германияның денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан.
Еуропалық одақтың басқа да мемлекеттеріндей Германияда вакцинация орталықтары салынып, вакцинаны жеткізудің логистикалық мәселелері, сақтау және басқа да антивирусты препараттарды тарату істері шешіліп жатыр. Алайда Еуропаның ішінде вакцинаны сертификаттан өткізіп, жаппай екпе жұмыстарын бастап кеткен мемлекет – Еуроодақтың құрамынан шығып бара жатқан Ұлыбритания болып отыр.