НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) 2020 жылғы әлем чемпионатын өткізбейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі федерация сайтына сілтеме жасап.
Әлем чемпионатының топ-дивизиондағы ойындарына биыл Қазақстан құрамасы қатысуы тиіс болатын. Дүбірлі дода 8-24 мамыр күндері Швейцарияда өткізілу жоспарланған. Оны ұйымдастырушылар қазір әлем халқын алаңдатып отырған коронавирус дертінің қаупінің алдын алу бағытында осындай шешім қабылдады.
Өткен жылы бірінші дивизионда жеңімпаз атанған Қазақстан құрамасы үш жылдық үзілістен кейін топ-дивизионға қайта оралды. Қазақстан биыл В тобында Ресей, Финляндия, АҚШ, Швейцария, Латвия, Норвегия, Италия құрамаларымен сынға түсетін.
IIHF бұдан бұрын аталған жағдайға байланысты тағы да төрт жарыс өткізуді кейінге қалдырған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.