Коронавирус инфекциясымен күресуде ақмолалықтардың жетістігі

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Коронавирус инфекциясымен күресуде Ақмола облысы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп отыр.

Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі ақмолалықтардың коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу және болдырмау мақсатында жүзеге асырылып жатқан игі істеріне шолу жасайды.

Наурыз айында Көкшетаудағы «Аналар үйінде» тұрып жатқан аналар дәкеден медициналық маска тіге бастады.

«Ана үйі» үйлестірушісі көпбалалы ана Құралай Жұмабекованың айтуынша, бастапқыда дәкеден медициналық маска тігумен тағдыр тәлкегіне түскен алты ана айналысты.

«Маска тігеміз деп мүлде ойлаған жоқпыз. Мектепте мұғалімдер балаларымнан маска әкелуді талап етті. Ол дәріханаларда болмаған соң өзіме қолмен тігуге тура келді. Кейін сұраныс түсе бастады. Осылайша, Ана үйіндегі алты ана жаппай тіге бастады», - дейді Құралай Жұмабекова.

Оның айтуынша, алғашқы күндері 600 масканы облыс орталығындағы әлеуметтік мекемелер мен жеке адамдар сатып алған.

«Маска тігуді қолға алмас бұрын ТЖД-дан масканың стандартын алдық. Алты қабат дәкеден тұратын масканы бірнеше рет қолдануға болады. Бүгінгі күнге дейін қаладағы әлеуметтік мекемелер мен жеке адамдарға 600 масканы саттық. Мұндағы бір масканың құны 120 теңге. Тағы 3 мың маскаға сұраныс түсті, әлі де сұраныс түсуде. Өзіміз үлгермейтін болғандықтан, үйде бала күтумен отырған аналарды жалдадық. Бұдан бөлек, дәкені қиып көмектесіп отыруға 50 еріктіні жалдадық», - деп айтқан болатын сол кезде Құралай Жұмабекова.

Оның сөзінше, қолдан тігілген масканы сатып алған адам өзін вирустан қорғап қана қоймайды, «Ана үйінде» тұрып жатқан ана мен балаға қолдау көрсетіп отыр.

Айта кетейік, Көкшетау қаласында тұратын «Күміс алқа» иегері Құралай Жұмабекова туған балаларына ғана емес, өзгенің балаларына да жетерліктей аналық махаббатқа толы үлкен жүрек иесі. Алты баланы дүниеге әкеліп, тағы бес баланы бауырына басқан ол қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласуда.

Індет өрши бастаған кезде, ақмолалық кәсіпкер демалыс орталығын коронавируске шалдыққандарды емдейтін госпиталь ретінде берді. Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілясов кәсіпкер ұсынып отырған демалыс орталығы Зеренді аудандық ауруханасына бекітілетін айтты.

«Қазіргі кезде біздің тараптан қажетті дәрігерлер мен орта медициналық персоналдардың саны есептелуде. Егер жетіспей жатса, Көкшетау және Сандықтау аудандарынан мамандар алдыртамыз. Бұл біз үшін көмек, осы арқылы дәрігерлеріміз азаматтарымызды емдеп, өміріне араша түсетін болады», - деп айтқан болатын басқарма басшысы.

Сонымен қатар, Сүлен Ілясов тамақпен қамтамасыз ету мәселесін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өз мойнына алатынын айтты. Өз кезегінде «Aurora Garden» демалыс орталығы науқастарды карантинге және госпитальге жатқызу үшін қажетті жағдайды ұсынды.

Арман Шораев телефон арқылы оның мұндай игі қадамға баруына отбасының ортақ тілегі арқау болғанын айтты.

«Біз тегін 100 орындық демалыс орнын беру арқылы осы індетпен күресуге өз үлесімізді қосқымыз келеді», - деді кәсіпкер.

Бұл туралы Арман Шорав өзінің Facebook парақшасында да жазды. Ол өз жазбасында ұсынысы қолдау тапқандығы үшін қуанышты екенін жеткізді. Желі қолданушылар кәсіпкердің игі ісіне қолдау білдіріп, алғыс білдіруде.

Наурыз айында Көкшетаудағы іргелі кәсіпорын – «Тыныс» акционерлік қоғамы коронавирус инфекциясымен күресте ауадай қажет қазіргі заманғы «Көкшетау 4П» жасанды тыныс алу аппаратын шығаруды қолға алды.

Зауыт басшылығының мәліметінше, зауытта қазіргі заманғы «Көкшетау 4П» өкпені жасанды желдету аппаратының 800 данасы шығарылыпты. Өкпені оттегі-ауа қоспасымен жасанды желдетуге арналған аппарат жедел жәрдем көліктерінде, оқиға орнында, хирургия бөлімдерінде, жансақтау және интенсивті терапияда қолданылып келеді. Күз айларында республика бойынша облыстарға осындай аппараттың 500-ден астам данасы жөнелтілген екен.

Ақмола облысы бойынша 60 жасанды желдету аппараты жеткізілді, олардың ішінде 17 аппарат облыстық денсаулық сақтау басқармасына қайырымдылық көмек ретінде табыс етілді. Зауытта жасанды тыныс алу аппараттары жаңартылып, негізгі жинақтаушы комплектілері әзірленуде. Зауытқа әлі де медициналық мекемелер мен жеке тұлғалардан тапсырыстар түсуде.

«Жасанды тыныс алу аппараттары жаңартылып, негізгі жинақтаушы комплектілері әзірленуде. Сондай-ақ кәсіпорында 200 дайын комплектілер бар. Зауытқа әлі де медициналық мекемелер мен жеке тұлғалардан тапсырыстар түсуде», - деп атап өткен еді сол кезде қала әкімдігіндегілер.

Айта кетейік, соңғы кездері зауытта негізгі жұмыстардан бөлек, коронавирус инфекциясымен күресу үшін қажетті «Көкшетау 4П» жасанды тыныс алу аппараты, медициналық маска, қорғаныс киімдері шығарылып жатыр.

Сонымен қатар, Ақмола облысында қолға арналған антисептик шығарыла бастады. Көкшетау қаласындағы «Тұрмыстық химия зауыты» жауапкершілігі серіктестігінің экологиялық таза өніміне жұрттың сұранысы жоғары. Зауытта Қазақстанның солтүстік өңірлеріне тұрмыстық химиялық заттарының бірнеше түрі шығарылады.

«Біздің зауыт қысқа мерзім ішінде бактерияға қарсы және қолға арналған антисептик шығаруға бейімделіп, өндірісті іске қосты. «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ Басқармасымен 15 мың литр антисептикалық өнімге келісімшарт жасалды. Өндіріс толық қуатымен жұмыс істеуде», - дейді зауыт басшысы Фарук Құрмаев.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, қолға арналған антисептиктің құрамында дезинфекция жасайтын концентрат, жергілікті Айдабол спирті, глицерон, иістендіргіш және спецификалық қоспа бар. Кәсіпорын айына 60 мың литр өнім шығарады. 1,5 литр және 220 миллилитрлік құтыға құйылған антисептиктің бір литрі 1500 теңге тұрады. Бұл өңірдегі ең арзан қолға арналған антисептик.

Шілденің 24-де Ақмола облысындағы ауруханаларға бірден барлық пациентке оттегі бере алатын қондырғы орнатылатыны белгілі болды. Оттегі беретін екі стансаны орнату үшін жеткізушілермен келісімшарт жасалған. Олардың бірі – Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығына, ал екіншісі – Аршалы аудандық ауруханасына орнатылады. Осындай арнайы жүйе көпсалалы облыстық аурухананың провизорлық стационарында да ұйымдастырылады. Тері-венерология диспансерінде ашылған Көпсалалы облыстық аурухананың провизорлық стационарында оттегімен жабдықтау жүйесін жақсарту жоспарланған. Әзірге мұнда оттегі баллондарынан құралған қондырғы жұмыс істеп жатыр.

«Енді ылғал газ пациентке құбырлар арқылы барады. Облыс әкімінің қолдауымен қондырғыны жаңарту және аурухананы оттегімен жабдықтауға қосымша қаражат бөлінген», – деп баяндады КОА бас дәрігері Нұрлан Жаров.

Бұдан басқа, облыстық денсаулық сақтау басқармасы алдағы уақытта 15 өкпені жасанды желдету аппараты, 1 мың пульсоксиметр, 100 оттегі концентраторы және 50 оттегі баллонын сатып алады, олардың барлығы өңірдегі ауруханаларға таратылады.

Айта кетейік, медициналық мекемелерге қайырымдылық қорлар мен меценаттардың қаражатына сатып алынған жабдықтар әлі де жеткізіліп жатыр. Бүгінде аурухана, стационар мен емханаларға демеушілердің қаражаты есебінен жүзден астам оттегі концентраторы, 500 оттегі баллоны жеткізіліпті.

Қараша айында Көкшетауда коронавирусқа шалдыққан науқастар емделетін замануи үлгідегі жұқпалы аурулар орталығы ашылды. Көкшетаудың іргесінде жаңадан салынған облыстық жұқпалы аурулар орталығы 200 кереуетке арналған. Мұнда Германия және Ресейден жеткізілген қазіргі замаңғы жабдықтар орнатылған.

Сегіз корпустан тұратын нысанда жылыту қазандығы, көліктерді дизенфекциялау пункті, медициналық қалдықтарды залалсыздандыру орны, 20 орындық жансақтау бөлімшесі және әр палатада бір орталықтандырылған оттегі стансасы бар.

Сонымен қатар, «Филипс» компьютерлі томографы, «Х-FIT» рентген аппараты, өкпені желдеткіш 4 аппарат, төрт науқас мониторы, «LOGIQ 9Е» ультра дыбысты диагностика аппараты, электрокардиограф аппараты орнатылған.

Құрылыс жұмысын мердігер «Bi Group» компаниясы жүргізген. Жобаның құны 7 миллиард 185 миллион теңгеден асады. Жалпы аумағы 4,4 гектарды құрайтын нысан құрылысына 620 адам тартылып, үш ауысыммен жұмыс істеп, екі айдың ішінде аяқтаған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 200 керуеттік жұқпалы аурулар орталығын аштық. - Бұл қазіргі заманға сай жабдықталған медициналық мекеме. Нысан пандемия кезінде ғана емес, одан басқа уақытта да халықтың денсаулығы үшін барынша жұмыс істеуі тиіс, – деген еді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.

Айта кетейік, мұндай орталық еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ғана бар. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Bi Group» компаниясы жүргізген. Жобаның құны 7 миллиард 185 миллион теңгеден асады. Аумағы 4,4 гектарды құрайтын нысан құрылысына 620 адам тартылып, үш ауысыммен жұмыс істеп, екі айдың ішінде аяқтаған.

Жалпы, коронавирус инфекциясымен күресуде ақмолалықтардың жетістігі мол. Облыста карантин талаптарын қатайту арқылы індеттің таралуына жол берілмеді. Қазіргі кезде, облыста коронавируске қатысты жағдай тұрақталған.