Коронавирус: Қарағанды облысында қоғамдық қорға жиналған ақша қайда жұмсалды

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында коронавирустың таралуымен күресу үшін құрылған «Көмек-2020» облыстық қоғамдық қорына 282 728 322 теңге түсті. Бұл, кәсіпорындар мен қарапайым халықтың аударған ақшасы. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиналған қаражаттың 58 млн 750 мың теңгесіне «САП-01» маркалы 10 дезинфектор-бүріккіш көлік сатып алынған, (бүгінгі күні сомасы толық төленбеді), 33 918 926 теңгеге аспалы және бензин бүріккіштері алынды. Облыс ауруханаларына дәрі-дәрмек және медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға 92 339 889 теңге бағытталды. COVID-19 індетімен күресуге қатысқан медициналық қызметкерлердің мекемелерде тұруына және тамақтануына 34 938 500 теңге жұмсалды. Медицина қызметкерлерін карантин жағдайында тұрып жатқан тұрғылықты жерлерінен жұмысқа дейін тасымалдау үшін 1 992 000 теңге бағытталды. COVID-19 жұқтыру қаупі болған «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» КМК қызметкерлерінің сыйақысына 68 949 750 теңге бөлінді.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағандыда коронавирустың таралуымен күресу үшін «Көмек-2020» облыстық қоғамдық қоры құрылған болатын. Ақшаның жұмсалуын Қамқоршылық кеңес бақылайды. Оған есімі белгілі қарағандылықтар енді: медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қани Мұсұлманбеков; «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков; «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ ректорының кеңесшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Вилен Молотов-Лучанский; ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Серік Ақсұңқарұлы; ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорттың Құрметті қайраткері Валерий Громов.

«Көмек-2020» қоғамдық қорына кез келген адам өз үлесін қоса алады.


Соңғы жаңалықтар