Коронавирус: Қазақстанда 769 шетелдік дипломат вакцина салдырады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 769 шетелдік дипломат коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға ниет білдірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сыртқы істер министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, елде аккредиттелген дипломатиялық корпустың қызметкерлерін және олардың отбасы мүшелерін вакцинациялауды қамтамасыз етеді.

Бұл жұмыс Қазақстан тұрғындарының коронавирустың одан әрі таралуына қарсы қорғалу деңгейін арттыру үшін жүргізілуде.

Вакциналауға ниет білдірген 769 шетелдік дипломаттардың ішінде ең көбі Нұр-Сұлтанда 496 адам, Алматыда 236 адам, Ақтауда 27 адам және Өскеменде 10 адам тұрады. Оларды вакциналау қалалық медициналық орталықтарда ақысыз және Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен бірге жалпы кезек тәртібімен жүргізіледі.

«Вакцинаның екінші компонентін алғаннан кейін қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелеріне egov мобильдік қосымшасы арқылы тиісті анықтамалар мен электрондық вакцинация паспорты беріледі»,-делінген хабарламада.