Коронавирус: Қызылорда қаласында залалсыздандыру жұмыстары күшейтілді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында карантин режимінің қатаңдатылуына байланысты залалсыздандыру жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл мақсатта №66597 әскери бөлімі мен арнайы мекемелер белсене атсалысып отыр. Дезинфекциялаудың үшінші кезеңінде 500 мың шаршы метр аумақ залалсыздандырылды.

«Бүгінгі күнге дейін облыс орталығында 6 миллионға жуық шаршы метр жерге залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Ол үшін 28 арнайы техника және 200-ге жуық қызметкер тартылды. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында облыс орталығында тағы 8 бірдей залалсыздандыру тоннелі орналастырылды. Олар үлкен сауда орындары мен №2 Мұрагер мектебінің ауласына, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың ғимараттары жанына және қалалық мәдени және демалыс паркіне қойылды», - деп мәлім етті Қызылорда қаласының әкімдігі.

Бұған дейін Қызылорда қаласында карантин режиміне өзгерістер енгізілген болатын.