Пандемия кезеңінде облыста 5 миллион қаптама көлемінде медициналық препараттар сатып алынды. Олардың қатарында ыстық түсіретін дәрілер, антибиотиктер, вирусқа қарсы препараттар, иммуностимуляторлар, медициналық бұйымдар, инъекциялық препараттар бар. Алдағы уақытта 56 миллион теңгеге тағы да дәрі-дәрмек алынады.
Облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті өңірлердегі көтерме дистрибьюторлар мен дәріханаларда сұранысқа ие дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың толық қамтылуына тұрақты мониторинг жүргізуде. Биылғы жылдың 15 шілдесі мен 9 желтоқсаны аралығында көтерме сауда қоймалары мен дәріханаларда дәрілік заттар қоры көбейді. Атап айтқанда, антибиотиктер – 2,2, вирусқа қарсы препараттар – 2,3, антикоагулянттар – 2,4, ыстықты түсіретін препараттар – 3,7, медициналық маскалар – 1,5 есеге артты.
«Мониторинг нәтижесінде 159-дан астам дәріхана қамтылып, шекті бағадан асырылып сатылған дәрілік заттардың 72 атауы анықталды. Көрсетілген кезеңде оларға 5,2 млн теңге айыппұл салынды. Шекті бағадан асып кетудің 33, дәрілік заттарды заңсыз өткізудің 17 дерегі анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 91 хаттама толтырылып, 7,9 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 448 атаудағы дәрілік зат пен 36 атаудағы медициналық бұйым алынды», - деді облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бөлім басшысы Нұрбек Әділханов.
Өңірде 10 фармацевтикалық ұйым несие алды. Олардың 5-еуі ауданда болса, 5-еуі қалада орналасқан. Сонымен қатар, кредиттеуге 13 фармацевтикалық ұйым құжатын жинақтауда.
Естеріңізге сала кетелік, 11 желтоқсаннан бастап Қызылорда облысында карантин талаптары жеңілдетіледі.