Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Азаматтық авиацияда коронавирус пандемиясына байланысты ішкі және халықаралық авиарейстер тоқтатылды. Бірақ, қалыптасқан жағдайға қарамастан, биыл алғашқы тоқсандағы жолаушылар саны 1,7 млн адамды құрады. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 5,2 пайызға артық», деп атап өтті министр Үкіметтің онлайн отырысында.
Әуе тасымалы тоқтатылған сәтке дейін Қазақстанның 26 мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы болған.
«Жақын арада біз қалыпты жұмыс режиміне оралып, барлық ұшуларды қалпына келтіріп, азаматтық авиация саласында жоспарланған барлық міндеттерді орындаймыз деп үміттенеміз. ҚР Азаматтық авиация саласы өкілдерінің болжамы бойынша, жалпы авиация саласындағы операциялық кірістердің төмендеуі жыл соңына дейін 300 млрд теңгені құрауы мүмкін», - деді Б. Атамқұлов.
Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды.
Бұған дейін Бейбіт Атамқұлов Қазақстанның қай әуежайларында жөндеу жұмыстары жүргізілетінін баяндады.