Бұл жайлы облыс әкімі Даниал Ахметов өзінің Instagram желісіндегі жеке парақшасында жазды.
«Қазіргі таңда өңір бойынша иммундық плазманының 3063 дозасы жиналды. Енді оны кезең-кезеңмен қолдану жұмыстары жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін Семейде 41, Өскеменде 72 доза қолданылған. Сондай-ақ Алтай ауданының алты науқасына 12 доза салынды. Осы ретте, Денсаулық сақтау басқармасына антиденелерді белсенді пайдалануды тапсырдым», - деді ол.
Аймақ басшының айтуынша, бүгінде облыстың инфекциялық бөлімдерінде ем қабылдап жатқан 37 науқас ауыр халде, оның үшеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
«Жалпы коронавирус індетінен жазылып шыққан азаматтардың плазмасын қолдану тәсілі әр адамның жағдайына байланысты. Сондықтан біздің дәрігерлер емдеудің осы әдісін одан ары терең зерттеуді жалғастыруы қажет. Қазіргі уақытта бүкіл әлемде иммунды плазманы COVID-19 жұқтырған ауыр жағдайдағы науқастарды емдеуге белсенді түрде қолдануда», - деді Даниал Ахметов.
Естеріңізге сала кетсек, Шығыс Қазақстан коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл аймаққа» кірген болатын.