Коронавирус: ШҚО-да індетпен күрес қалай жүргізілуде

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 16 наурызында әлем елдерін әбігерге салған коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда төтенше жағдай жариялаған болатын. Міне, содан бері 1 жыл өтті. Осы уақыт ішінде Шығыс өңірінде талай шаралар қолға алынып, жұқпалы дертпен жан-жақты күрес жүргізілді. Осы мақаламызда жыл көлеміндегі басты оқиғаларға тағы бір көз жүгіртуді жөн көрдік.

Алғашқы науқастар Мысырдан келген

Наурыз айында елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Шығыс Қазақстанда да бірқатар шектеулер енгізілген. Аймақ көлемінде концерттер, конференциялар, семинарлар, көрмелер мен дөңгелек үстелдер өткізуге, той жасауға және ас беруге тыйым салынды. Спорттық үйірмелер мен тіл үйрену курстарының жұмысы тоқтатылды. ШҚО-дан Ресей мен Қытайға пойыз және автобус уақытша қатынамайтын болды.

26 наурыз күні Даниал Ахметов өңірдің карантинге әзірлігін тексерді. Оқу-жаттығу кезінде Өскемен және Семей қалаларының кіреберісіне блокпост орнатылды. Шараға полиция қызметкерлері, әскерилер, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жұмылдырылды.

Екі күннен соң ШҚО-да коронавирус жұқтырған алғашқы екі науқас туралы ресми мәлімдеме жасалды.

«Семейде коронавирус індетінің алғашқы 2 жағдайы расталды. Олар елімізге «Шарм-Эль-Шейх – Нұр-Cұлтан» рейсімен оралып, ары қарай өз көліктерімен Семейге жеткен. Олармен бірге отбасы мүшелері, яғни тағы 5 адам болыпты. Науқастардың жағдайы орташа деңгейде. Алғашқы шағымдары дене қызуы мен сирек жөтелу болған. Жедел медициналық көмек бригадасы шұғыл әрекет етіп, алгоритмге сәйкес арнайы капсулаларда оларды стационарға жеткізді», - деген болатын облыс әкімі.

Сәуір айының басында Өскемен қаласында да коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелді. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының сол кездегі басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, вирусқа 1938 жылғы әйел адам шалдыққан. Ол дәрігерлерге 1 сәуір күні өзі жүгінген. Науқас бірден ауруханаға жеткізіліп, рентгенологиялық зерттеулер жасалды. Оған «пневмония» диагнозы қойылды. Пациенттен коронавирусқа қатысты алынған сынама оң нәтиже көрсетті.

Зейнеткер қаңтар айында Ресейге барып келген. Науқаспен байланыста болған 198 адам анықталды. Олардың барлығы оқшауланған. 10 сәуірде ШҚО-ға қашықтан өлшейтін 5 мың дана термометр жеткізілді.

«Олар Өскемен мен Семейдегі кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлеріне берілді. Осылайша, біз көшедегі азаматтардың дене қызуын өлшейміз. Аталмыш термометрлер денеге тигізілмейді және оның еш зияны жоқ. Сондықтан тұрғындардан түсіністік танытып, полицейлердің бұл әрекетіне үрейленбеулерін сұраймын. Ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер мұндай тексерістен күн сайын өтеді. Ол адамның ыстығы көтерілгенін анықтап, жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - деді әкім.

Карантин енгізіліп, күрес күшейді

18 сәуір күні Шығыс Қазақстан облысында карантин енгізілді.

«Өңір аумағына кіріп-шығу мүмкіндігі шектелді. Карантин кезінде жұмыс берушілер қызметкерлерінің еңбекақысын сақтап, қашықтан жұмыс істеуге жіберді. Осы ретте жедел штаб қызметін тоқтатуы тиіс кәсіпорындардың тізімін толықтырды. Өскемен мен Семейде енгізілген шектеулер кезінде кәсіп иелері қосымша көліктермен қамтамасыз етілген», - деді Даниал Ахметов.

Осындай қысылтаяң шақта волонтерлер тасада қалған жоқ. Аймақ бойынша 800-ден астам ерікті дүйім жұртқа азық-түлік себеттерін таратты.

Волонтерлер қалың көпшілікке арнап, коронавирустың алдын алу туралы кеңестер жазылған жадынамалар мен арнайы газет шығарылымдарын таратып, бірнеше мәрте пайдалануға болатын маскалар тікті. 24 сәуірдегі жағдай бойынша көпбалалы жанұяларға, аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға 17 мыңға жуық медициналық маска мен 800-ден астам астам азық-түлік себеті берілсе, облыс тұрғындарына 845 мың дана газет таратылған. Сондай-ақ 410 ерікті Өскемен және Семей қалаларындағы І, ІІ топ мүгедектері мен 70-тен асқан зейнеткерлерге азық-түлікті, қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмектерді жеткізіп беруде. Волонтерлер құқық қорғау органдарымен бірлесіп халыққа түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, еріктілер «Жылу сыйла», «Қайырымды көршілер» акцияларын ұйымдастырды. Соның аясында полицейлерге, әскери қызметкерлер мен дәрігерлерге ыстық шай, бауырсақ таратылып, қарттардың аулалары тазартылып, оларға тамақ пен дәрі-дәрмек сатып алуға көмек көрсетілген. Әлеуметтік желілерде «Мен үйдемін», «Үйде уақытты пайдалы өткізейік» сынды челлендждар басталып, 300-ден астам бейнероликтер жарияланды», - деп хабарлады ШҚО Ішкі саясат басқармасы.

Бұл ретте ерекше айта кететін жайт, семейлік ғалымдардың коронавирусты емдеудің тың әдісін ойлап тапқаны.

Семей медицина университетінің ректоры Ерсін Жүнісов коронавирус жұқтырған адамдарды емдеу бойынша нұсқаулық дүниежүзілік және жеке тәжірибеге негізделіп жасалғанын мәлімдеген болатын.

«Ғалымдарымыз «Коронавирус инфекциясы анықталған науқастарды емдеу нәтижесінің болжамы мен қауіп-қатер картасын» жасады. Дәрігерлер өздеріне ыңғайлы болу үшін нұсқаулықтағы кез-келген бөлімді ашып емдеу кезінде қандай жағдайларға тап болулары ықтимал, қандай проблемалар туындауы мүмкін және оларды қалай болдырмауға болатындығын біле алулары керек. Біз Уханның тәжірибесін зерделеп, ондағы барлық басылымдарды және Оңтүстік Корея мен Жапонияның тәжірибелері жазылған жазбаларды аударып шықтық», - деді ол.

1 жылда 49 қаулы шыққан

2020 жылғы 16 наурыз бен 2021 жылғы 11 наурыз аралығында Шығыс Қазақстанда облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 49 қаулысы шықты. Оның ішінде 40 қаулы былтыр жарияланса, биыл 9 қаулы жарық көрген.

«Өткен жылдың 28 наурызы мен осы жылдың 10 наурызы аралығында коронавирус жұқтырған 15397 (69%) адам ауру белгілерімен, 6963 (31%) адам симптомсыз тіркелді. Науқастардың жалпы саны 22360-қа жетіп, 24600 ошақ анықталған. Оның ішінде 21377 үй ошағы, 3223 ұйымдастырылған ошақ (жұмыс орны т.б). Үй ошақтарында індетке қарсы алдын алу шаралар ұйымдастырылып, байланыста болған жандарды анықтау бойынша эпидемияға қарсы шаралар жүргізілді. Жақын байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынып, ПТР-сынамасын тапсырып, оқшауланды. Ұйымдастырылған ошақтарда жоспардан тыс тексерулер жүргізілді», - дейді ШҚО Санитариялық эпидемиялогиялық бақылау департаментінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас маманы Бағлан Тауанова.

Қазіргі уақытта 24600 ошақтың 23964-і бақылаудан алынған. Яғни олардағы науқастар емделіп шығып, вирус жұқтыру қаупі жоғалды.

«2020 жылғы 1 тамыздан бастап вирустық пневмониямен ауырған 1712 жағдай тіркелді. Аумақтық бөлу бойынша: Өскемен қаласы – 480, Семей қаласы – 266, Аягөз ауданы – 70, Бесқарағай ауданы – 42, Бородулиха ауданы – 8, Глубокое ауданы – 156, Жарма ауданы – 69, Зайсан ауданы – 70, Алтай ауданы – 156, Катонқарағай ауданы – 16, Көкпекті ауданы – 18, Курчатов қаласы – 40, Күршім ауданы – 28, Риддер қаласы – 45, Тарбағатай ауданы – 56, Ұлан ауданы – 62, Үржар ауданы – 41, Шемонаиха ауданы – 89. Облыста ПТР тестілеуді 19 зертхана жүргізеді. Осы уақытқа дейін барлығы 608544 адам тестілеуден өткен, оның ішінде 22360 адамнан ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері COVID-19 диагнозын растады», - деді Бағлан Тауанова.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы автоөткел жолдарындағы «Ауыл», «Уба» өткізу пункттерінде кіріп-шығуды санитарлық-карантиндік бақылау мақсатында Департаменттің аумақтық басқармаларының қызметкерлері жұмыс істеуде. Автоөткелдерде термометрия, шекарадан өтетін адамдарға сауалнама жүргізу және коронавирус инфекциясына ПТР сынама нәтижелері бар анықтаманың болуы тексерілуде.

«COVID-19 халық денсаулығын сақтау, сырқатқа шалдыққандардың күрт өсуіне жол бермеу, инфекцияның таралуын бәсеңдету бағытындағы міндетті бірінші орынға қойды. Өткен жылы облыстың медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін қосымша 174 ӨЖЖ аппараты, оның ішінде 2 балалар (CPAP), 10 рентген-аппараты, 3 ЭКМО, 3 компьютерлік томограф, заманауи техникамен жабдықталған 216 жедел жәрдем автокөлігі сатып алынды. Жалпы, өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға былтыр 37,3 млрд теңге жұмылдырылған. Сонымен қатар науқасты емдейтін жабдықтар мен төсек орындар емес екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Бұл ақ халатты абзал жандардың еңбегі. Біз облыстың медицина қоғамдастығына, өздерінің кәсіби міндеттерін адал орындайтын, пандемиямен күрестің алдыңғы қатарында тұрған барлық мамандарға ризашылығымызды білдіреміз», - деп атап өтті облыс әкімі Даниал Ахметов.