Коронавирус: Теңіз кенішіндегі науқастар саны 102 адамға жетті
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, өткен тәулікте 31 адамның коронавирус инфекциясына шалдыққаны ПТР-тест арқылы расталып отыр.
«Науқастардың бесеуі Атырау қаласында анықталды. Теңіз кенішінде 23 жұмысшыдан, Жылыой ауданында 3 адамнан қауіпті індеттің белгісі табылды.
Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың басым бөлігі кезекті медициналық тексеріс кезінде анықталған. Науқастардың барлығында инфекция симптомсыз түрде өтіп жатыр» -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Қазір 136 адам үй жағдайында емделуде. Ал, облыстық инфекциялық стационарда 32, аудандардағы стационарда 8 науқас емделіп жатыр. Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда емделіп жатқан науқастар саны 102 адамға жеткен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кенішіндегі стационарда 86 науқас емделіп жатқанын хабарлап едік.