Коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан Шымкент тұрғыны кешірім сұрады
22:52, 03 Наурыз 2020
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент тұрғын қалада коронавируспен ауыратын науқас анықталды деген жалған ақпарат таратқан.
Ол тіпті өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізіліп жатқан үлкен сауда орталығынан бейнежазба түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қазір осы оқиға бойынша тергеу амалдары басталды.
«Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан өткізілген жаттығулар кезінде «Шымкент Плаза« СОО-да коронавируспен ауыратын науқас анықталды» деген жалған ақпарат таратқан қала тұрғынын ұстады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», делінген хабарламада.
Ал, жұртты жалған хабарымен қорқытқан тұрғын бейнежазба арқылы қала тұрғындарынан кешірім сұраған.