Коронавирус: Үндістанда көшпелі зертхана жұмыс істей бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үндістандағы Гуджарат штатының орталық бөлігінде орналасқан Ахмадабад округінде көшпелі зертхана жұмыс істей бастады, деп хабарлайды euronews.com.

Бір қаладан екінші қалаға ауысып отыратын медиктер ниет білдірген тұрғындарға сол жерде коронавирусқа тест жүргізуді ұсынады.

Мақсат - ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне пациенттер легімен жұмыс жасауға көмек көрсетумен қатар, дәрігерлерді қорғау.

Жергілікті биліктің айтуынша, медициналық мекеме қызметкерлерінің арасында індетке шалдыққандар саны өте жоғары және ол ұдайы өсіп жатыр.

Айта кетер болсақ, Үндістанда ресми тіркелген коронавирусты жұқтырғандар саны 26 сәуірдегі жағдай бойынша 27 мың 890, ал 882 адам қайтыс болған.