Коронавирус жұқтырған 222 науқас инфекциялық стационарларда жатыр - Атырау облысы
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өткен
тәулікте 32 адамнан қауіпті вирустың белгісі анықталған.
Оның ішінде Атырау қаласында Covid-19 инфекциясын жұқтырған 19 адам тіркелген.
Теңіз кен орнында 3 жұмысшының коронавирусқа шалдыққаны расталған. Ал, Жылыой ауданында 6, Құрманғазыда – 2, Индер мен Қызылқоға ауданында бір-бір науқас
анықталған.
Өз үйінде 3 248 адам ем-дом алып жатыр. Өңірдегі 2 360 орындық инфекциялық
стационарларда 222 науқас емделу үшін оқшауланды. Оның ішінде модульдік ауруханада
– 109, фтизиопульманологиялық орталықта – 49, аудандардағы инфекциялық стационарларда – 48, сондай-ақ, №2 екінші облыстық ауруханада 16 пациент бар.
Соңғы бірнеше күннен бері Жылыой ауданында орналасқан Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда емделуге жатқызылған бірде-бір науқас жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында коронавирус инфекциясынан 2 адам
қайтыс болғанын хабарлаған едік.