ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған тағы 6 адамның оны қайдан жұқтырғаны хабарланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облыстық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, олардың алтауы да Шиелі ауданынан тіркелген. Олардың үлкені 1967 жылғы әйел адам болса, одан кейінгілері 1989, 1992, 1998 жылдары дүниеге келген. Сондай-ақ, олардың қатарында 2013, 2015 жылы өмірге келген қыз балалар да бар.
Барлығы бұған дейін вирус жұқтырған адамдармен тығыз қарым-қатынаста болған және карантиндік стационарға жатқызылған. Қазіргі таңда жағдайлары қанағаттанарлық. Науқастар оқшау орында тиісті емдерін қабылдап жатыр.
Қызылорда облысында 5 сәуірдегі жағдай бойынша аймақта коронавируске шалдыққан 37 адам ем алуда. Оның алтауы Қызылорда қаласында тіркелсе, аудандар бойынша Жаңақорғанда – 16, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 11 жағдай кездесті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.