Коронавирус жұқтырған жолаушы Бейжіңге норвегиялық олимпиадашылармен бірге ұшқан

ХЕЛЬСИНКИ. ҚазАқпарат - Норвегиялық Олимпиада комитеті Ослоның Гардермоен әуежайынан Бейжіңге ұшқан спортшылармен бірге ұшақ бортында коронавирус жұқтырған адамның болғанын растады. Бұл туралы ҚазАқпарат NRK хабар тарату корпорациясына сілтеме жасап хабарлайды.

«Жағдай өте қиын», - деген Корольдік Олимпиада комитетінің қысқы спорт түрлері бойынша менеджері Хельге Бартнестің сөзін келтіреді NRK.

Дүйсенбі күні кешке Норвегия құрамасының спортшылары бар бірінші борт Қытайға ұшып кетті. Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 4 ақпанда өтіп, ойындар 20 ақпанда аяқталады. Күрделі эпидемиялық жағдайға байланысты барлық жарыстар санитарлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып өтеді.