Коронавирусқа қарсы алғашқы вакциналар Норвегияда пайда болуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциясына қарсы алғашқы вакциналар Норвегияда рождестволық каникул кезінде пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі норвегиялық NRK агенттігіне сілтеме жасап.

Осылайша COVID-19 вирусына қарсы вакцина Еуроодақ кеңістігінде, сонымен қатар Еуропалық еркін сауда қауымдастығы елдерінде (оның ішінде Норвегия да бар) мақұлдаудан өткеннен кейін жоспарлаған мерзімнен бір апта бұрын қолданысқа енгізілуі ықтимал. NRK-ның мәліметіне сәйкес, алғашқы вакцина 21 желтоқсаннан кейін Норвегияға жеткізілуі ықтимал.

Рождестволық мерекелер кезінде қолданысқа енгізілуі мүмкін вакциналардың арасында Pfizer/Biontech препараты да бар. Ол вакцинаны америкалық және германиялық компания бірлесе жасаған. Аталмыш вакцина Кәрі құрлық аумағында мақұлдаудан өтуі мүмкін вакциналардың алдыңғы қатарында тұр.

Осы жағдайға байланысты пікір білдірген Норвегияның денсаулық сақтау министрі Бент Хойе жоғарыда аталған жоспарды мерзімнің оптимистік сипатқа ие екенін айтады.

«Әлбетте бұл вакцина Рождествоға дейін пайда бола қоймас. Әйтсе де, біз ойлағаннан ертерек жеткізілуі әбден ықтимал», - дейді ол.

Норвегиядағы вакцинация туралы сөз қозғай келе Корольдіктің денсаулық сақтау органдары бұл процесс келесі жылдың сәуірінде басталатынын болжаған. Осы жылдың 2 желтоқсанының басында тәуелсіз аналитикалық орталықтың жүргізген зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан 8500 норвегиялықтың 60%-ы коронавирусқа қарсы екпе салдыруға ниет білдірген. 12%-ы вакцинацияға қарсы екенін айтса, әрбір төртінші респондент жауап беруге қиналған. Әйтсе де қараша айынан бастап вакцинация алғысы келмейтіндердің үлесі 4%-ға төмендеді. Ал вакцинацияны қолдаушылардың саны 3%-ға өскен.

Сонымен бірге, Норвегия фармацевтикалық қауымдастығы бұдан бұрын аймақтық муниципалитеттер коронавирусқа қарсы вакцинаны тиісті жағдайда сақтауға дайын ба деген сұрақты қоғам талқысына салған болатын. Қауымдастық жетекшісі Роннауг Ларсеннің айтуынша, вакцинаны сақтау қажеттігі ерекше жағдайды қажет етеді. Pfizer / BioNTech вакцинасы 5 күн бойы -70 градусқа дейінгі ортада сақталуы керек. Ал Moderna компаниясының вакцинасы -20 градусқа дейінгі ортада 7 күнге дейін сақатады. Бірақ мұндай жағдайда вакцинаны сақтайтын орын Норвегияда соншалықты көп емес.