ОРАЛ. ҚазАқпарат – Коронавирусқа қарсы ұжым болып егілудің маңызы зор. Бұл туралы «Отау-Алан» ЖШС директоры Ляна Тұрсынова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істегендіктен, халыққа қызмет көрсетуге тура келеді.
Сол себепті індетті таратпаудың жауапкершілігін сезіне білу қазіргідей кезеңде аса маңызды.
«Пандемиямен бүкіл әлем болып күресіп жатқандықтан, ұжым болып егілу қажет-ақ. Бұл үшін бұйрық күтудің керегі жоқ. Біздің мекемеде 60 адам қызмет етеді. Олардың алды мамырда, соңы маусымда коронавирусқа қарсы түгелдей егіліп үлгерді. Сондықтан қоғамдық тамақтандыру саласында қызмет ететін барша әріптестерімді егілуге шақырамын. Өйткені біздің денсаулығымыз өз қолымызда», деді Ляна Тұрсынова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 260-қа жуық адам коронавирус жұқтырғанын, 480-нен астам науқастың стационарда емделіп жатырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).