Коронавирустан жазылып шыққандардың алғысы бізді жігерлендірді - елордалық дәрігер

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде коронавирус індеті өршіп тұрған кезде күні-түні ажалмен арпалысып, науқастардың жанын алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істеген бейбіт өмірдің батырлары - дәрігерлер. Анестезиолог-реанимотолог Ербол Төлегенұлы қысылтаяң кезеңде коронавируспен күрестің нағыз ортасында - қалалық жұқпалы аурулар орталығында науқастардың өмірі үшін күрескен. Ол ҚазАқпарат тілшісіне аты жаман індетті емдеуге арналған орталықтағы үш ай қалай өткені туралы әңгімелеп берді.

- Ербол Төлегенұлы, ең алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Індет басталғанға дейін қайда істедіңіз? Коронавируспен ауырғандарды емдеу үшін ашылған орталықта жұмыс істеу қаншалықты ауыр болды?

- Менің негізгі жұмыс орным - Республикалық травмотология және ортопедия институтының жансақтау бөлімі. Ол жерде анестезиолог-реанимотолог дәрігермін. Осы салада жұмыс істеп жатқаныма 8 жыл болды. Жансақтау бөлімінде жұмыс істейтіндіктен шығар, осындай қарбалас жұмысқа етіміз үйреніп қалған. Бірақ үш ай бойы қалалық жұқпалы аурулар орталығында жұмыс істеу қиынырақ болды дер едім. Әсіресе маусым, шілде айларында коронавирус жұқтырған науқастар көп түсті.


- Үш ай бойы отбасыңызды көрмедіңіз бе?

- Иә, үш ай үй көрмей жұмыс істедік. Отбасымызға және жұмысқа барып-келген кезде көшедегі адамдарға қауіп төндірмес үшін осы орталықтың маңайында пәтер жалдап тұрдық. Бастапқыда қонақүйден орын бөлінген еді. Алайда науқастар саны көбейген соң ол жерге пациенттер жатқызылды.

- Бұл вирус бірінші кезекте кімге қауіпті? Жалпы осы үш айдағы ауруханадағы қарбалас жұмыс кезі жайлы айтып берсеңіз.

- Бұл ең алдымен тыныс алу жолдарын зақымдайтын қауіпті вирус. Қосымша созылмалы аурулары бар науқастар өлім аузында жатты. Біздің ауруханада жастар көз жұмған жоқ, бірақ басқа медициналық мекемелерде коронавирус салдарынан 33, 35 жастағы адамдардың өлімі тіркелді. Мен жұмыс істеген аурухана коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу үшін арнайы ашылғандықтан дәрі-дәрмек, медициналық құрылғылар жеткілікті болды.

Маусым мен шілде айының ортасында науқастар көп түсіп, өлім-жітім жиі тіркеліп жатты. Күніне 2-3 адам коронавирустан көз жұмған кездер де болды. Осы жағдай жүрегімізді ауыртып, жанымызға батты. Өзімізбен бірге жұмыс істеп жүрген дәрігер, медбике, санитарлар да ауырып қалған жағдайлар болды. Дәрігер тапшылығы сезілгендіктен олар емделіп болған соң жұмысқа қайта кірісті. Қазіргі кезде коронавируспен ауырған соңғы науқасты емдеп шығарған ауруханалар туралы естіп жатырмыз. Бұл жағдай бізді қуантады.

Ауруханаға ауыр халде келіп тұрып, ПТР тест нәтижесі оң болса да, коронавирус жұқтырғанына сенбеген науқастар да болды. Оларға психологиялық тұрғыда қолдау көрсетіп, «Сізге осы диагноз қойылды, алайда ертерек емделсеңіз, бәрі жақсы болып кетеді» деп демеу білдірдік.

- Ауыр жағдайда қиналып кететін кездер болатынын айттыңыз. Ондай кезде өз-өзіңізді қалай жігерлендірдіңіз?

- Жас болғандықтан шығар, менде күйзеліске түсіп кету жағдайы болған жоқ. Егде жастағы дәрігерлерге жұмыс істеу қауіпті болғандықтан ауруханада көбінесе жас дәрігерлер болды.

Жігерлендіру жайында сұрап отырсыз ғой. Осы орайда коронавирусқа қарсы күресіп жатқан дәрігерлерге қолдау білдіріп жатқан қазақстандықтарға алғыс айтқым келеді. Бұл бізге моральдық тұрғыдан үлкен көмек болды. Сондай-ақ, ауруханаға түскі асымызды әкеліп берген волонтерлерді айтып кету керек. Емделіп шыққандар ризашылығын білдіріп, рахмет айтып, ақ батасын беріп жатады. Осының бәрі бізге күш-жігер берді.

- Коронавирустың екінші толқынына қатысты қандай пікір айта аласыз?

- Денсаулық сақтау министрлігі де, бұқаралық ақпарат құралдары да коронавирус инфекциясының екінші толқыны болуы мүмкін екенін айтып жатыр. Бұл вируспен бетпе-бет күрескен дәрігер ретінде айтарым: коронавирустың екінші толқыны болмайды, болса да жеңіл өтеді деп ойлаймын. Ең қиын кезеңді өткердік. Желіде екінші толқын кезінде балалар көбірек зардап шегетінін айтушылар бар, бірақ олардың ағзасы жас болғандықтан, көп қауіп төнбейді. Бұл дерт бойында қосымша созылмалы аурулары бар науқастар үшін аса қауіпті. Бірақ вирусты жеңіп шығуға болады. Мысалы, мен жұмыс істеген ауруханада коронавирустан емделіп шыққан адамдар ішінде 83 жастағы қария да болды.

- Өзге пневмониядан коронавирус салдарынан болған пневмонияның айырмашылығы неде?

- Бұл дертке дейін пневмония болғандардың өкпесі қалыпқа келетін. Коронавируспен ауырған адамның өкпесі қабынса, зақымданған жері қалпына келмейді. Өкпе фиброзы 20-30% ғана болса — ары қарай өмір сүре беруге болады.

- Ал енді өзіңіздің отбасыңыз жайлы айтып кетсеңіз... Осындай қиын кезеңде олардың тарапынан қандай қолдау болды?

- Жасым 34-те. Төрт баланың әкесімін. Тұңғышым 9 жаста болса, кішкентайым 1,5 жаста. Жұбайым - балалар дәрігері. Ол да медицина саласында жұмыс істейтіндіктен маған түсіністікпен қарады. Енді жаңа оқу жылы басталады, соған дайындық қызу жүріп жатыр. Көпбалалы отбасы ретінде қашықтан оқу үшін ұлыма мемлекет тарапынан ноутбук берілуі керек. Басқа әріптестерім алып қойды, енді бізге де береді деп күтіп отырмыз.

Жаңадан ашылған ауруханаға барған кезде отбасым қарсы болған жоқ. Бала-шағаммен видеобайланыс арқылы хабарласып тұрдым. Үш айдан кейін ғана отбасыммен сағына қауыштым. Аллаға шүкір, қазір бұрынғы жұмыс орныма қайтып оралып, қалыпты өміріміз жалғасып жатыр.

- Коронавирустан сақтану үшін не істеу керек? Маман ретінде қандай кеңес айтасыз?

- Бұл дертті иммунитеті мықты адамдар жеңе алады, сол себепті, ең алдымен құнарлы тамақ ішіп, спортпен шұғылдану керек.


- Сұхбатыңыз үшін рахмет!