«Қазақстанда коронавирусты анықтауға арналған экспресс-тестердің бірнеше түрі тіркелген. Кейбір коммерциялық компаниялар осы тестерді пайдаланып жүр. Бұл жерде мәселе мынада. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауру жұқтырғандардың ресми сатистикасын жүргізу үшін бірыңғай тәсіл ретінде ПТР-тесті қолданады. Сондықтан, әлемде қолданылатын «алтын стандарт» ПТР-тест болып тұр», - деген ведомство басшысы, ПТР-ге балама антигендер, ИФА-тестер Қазақстанда да тіркелгенін атап өтті.
«Ондай тестердің бірнеше түрі қолданылып жатыр. Қаласа, пайдалануға болады. Қазір кейбір ПТР-тест жүргізу қиын жерлерде осындай экспресс-тестерді елдің ішінде де қолдану мәселесі пысықталып жатыр. Ол тестерді өндірушілер сапасы мен тиімділігі 90 пайыздан кем емес деп көрсетеді. Бірақ қалай болғанда да коронавирус инфекциясының ақтық диагнозы ПТР-тест қорытындысынан кейін ғана мойындалады», - деген министр, эксперсс-тесті әркім өз бетімен пайдалана алмайтынын ескертті.
«Бұл тестерді қолданып жүрген ұйымдар еркін сатып отыр. Бірақ оны әркім өз бетімен пайдалана алады деген сөз емес. Ол тестерді алудың белгілі бір процедурасы бар. Кейбірі қан тамшысын қолданса, кейбірі мұрын шырышын алады. Яғни, мамандар ғана істеуі тиіс әдістері бар. Бұл тест қорытындысының сапасы бүлінбеу үшін керек», - деді Алексей Цой.