СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін өңір басшысы Құмар Ақсақалов Петропавлдағы кардиологиялық орталықта болып, облыстағы эпидемиологиялық жағдайға тоқталды.
«Карантиндік шаралар өз нәтижесін беріп жатыр. Вирустың таралуы шарықтау шегіне жеткенде жедел жәрдем қызметін шақырту 700-ге дейін көтерілсе, қазір 34% кеміді. Жедел жәрдемге жүгінетіндер саны күннен-күнге азайып келеді. Инфекциялық және провизорлық стационарға жатқызылатындар саны да кеміді. Бұған дейін емдеу мекемелеріне 249 адамнан түсіп отырса, өткен тәулікте 74 науқасты қабылдады. Үш есе кеміді. Яғни біз пневмония мен коронавирусты инфекцияны жұқтырудың шарықтау шегінен өттік», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыста инфекциялық және провизорлық стационарларда жатын орын 6 есе артып, 2210-ға жеткізілді. Коронавирус және пневмонияға қатысты басқа сырқаттарды жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу тоқтатылса, бүгіннен бастап бұл жұмыс жүйелі түрде қалпына келмек.
Өңір басшысы дәрі-дәрмек мәселесі де назарда екенін айтты.
«Облыстың стационарларында 16 күнге жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Күнделікті дәріханаларда ыстық түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды препараттардың және олардың баламаларының болуы және бағасының қымбаттамауы бойынша бақылау жүргізіледі. Ауыл тұрғындарына қажет дәрі-дәрмекпен жергілікті медициналық пункттерді қамтуға аграршылар көмектеседі. Тұрмысы төмен отбасылар үшін олар тегін болады», - деді Құмар Ақсақалов.