Малика Алдыбергенова - жас ана. Бала күтімімен үйде отырған ана таяуда коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.
«Коронавируспен ауырдым. Өкінішке қарай, індеттің ушығу салдарынан түсік жасатуға тура келді. Араға уақыт салып қайта бала көтердім. Қазір 2 балам бар. Екінші баламды босанған соң 40 күннен кейін коронавирусқа қарсы вакцина алдым. Ешқандай кері әсері болмады, тек екпе алған жер аздап ауырды. Біздің ұжым да толық вакцина алған. Менің жақындарым да екпе салдырды. Сондай-ақ ревакцинациядан да өтті. Вируспен күресте вакцинаның ықпалы зор», - деді Малика Алдыбергенова.
Оның айтуынша, Екібастұзға дейін дәрігер Нұр-Сұлтан және Павлодар қаласында жұмыс істеген.
«Пандемия басталғанда коронавирус жұқтыру жайты алғаш мен жұмыс істеген ауруханада тіркелді. Бізді бірден карантинге жауып, аурухананы қоршап тастады. Мен невропатология бөлімінде жұмыс істедім. Сырқаттанушылардың санында шек болмады, індеттің ушыққаны соншалық, көбі сол жерде қайтыс болып кетті. Мен соның бәрін өз көзіммен көрдім. Содан кейін коронавирусқа қарсы вакцина алу керектігін түсіндім», - дейді ол.
Сондай-ақ, дәрігер әрі жас ана қазақстандықтарды вакцина алуға шақырып, коронавирусқа қатысты фейк ақпараттарға сенбеу керектігін айтты.
«Пандемия қазақстандықтар үшін ғана емес, әлем халқы үшін күтпеген жағдай болды. Соның салдарынан кейбір адамдардың жүйке жүйесі сыр бере бастады. Қорқыныш пен үрейдің де болғаны рас. Адамдар агрессияға жол беріп, дүрбелең басталды. Қазір жағдай реттелді, дегенмен әлі де болса вакцина алмай жүрген адамдар бар. Осы орайда алдымен өз денсаулығын ойлаған жөн. Жеке бас амандығын ойлаған адам екпені өз еркімен алады деген сенімдемін. Сонымен қатар коронавирус пен вакцинаға қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге шақырамын», - деді М. Алдыбергенова.