Көрші елдегілер «Қандасым» жобасы аясында тіл үйренеді – Тілдерді оқыту орталығының директоры
Ақтөбе облыстық тілдерді оқыту орталығы екі жылдан бері «Қандасым» жобасын іске асырып келеді. Бұл арқылы өзге елдегі қазақтар ана тілін үйренеді. Орынбор қазақтары болса жыл сайын кездесуді күтіп, арнайы курстан қалыс қалмайды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Серғазина айтты, деп хабарлайды Kazinform.
– Ақтөбедегі тілдерді оқыту орталығына кімдер келеді? Олар қай тілді меңгереді?
– Қазақ тілін үйренемін, оқимын деген кез келген ынталы азамат Ақтөбе облысының тілдерді оқыту орталығына келіп, тіркеліп, мемлекеттік тіл және басқа тіл курстарына жазылып, оқи алады. Тек Ақтөбе қаласында емес, облыстың өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған 3 ауданда да (Хромтау, Мәртөк, Қарғалы) тілдік тегін курстарды ұйымдастырады. Соның ішінде мемлекеттік тіл бес деңгей: қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары, жоғары деңгейлері бойынша оқытылады. Әр деңгей 100 сағаттан, ұзақтығы – үш ай. Орталықта 9 білікті педагог дәріс береді. Оқыту форматы сан түрлі, тыңдаушының жағдайына қарай ұйымдастырылады. Мысалы, әскерилер, дәрігерлер, құтқарушылар, құқық қорғау саласы қызметшілері тек жұмыс орындарында болуы керек, сондықтан ол мекемелерге біздің оқытушылар барады. Орталықта қазақ тілін онлайн режимінде де жүргіземіз. Тілдік құзыреттің барлық түрі қамтылып, тілді меңгеру деңгей бойынша оқытуға негізделген. Осыған орай көршілес Ресей Федерациясындағы бірқатар өңірден қандастарымызға, тіл үйренуге ниетті азаматтарға онлайн режимде сабақ өткіземіз. Қорған, Орынбор, Орск, Магнитогорск, Челябі, Омск, Мәскеу, Самара, Астрахань, Волгоград қалаларынан 60 адам онлайн білім алды. Алғашқы сабағымыздан тыңдаушылардың тілге деген құрметі мен үйренуге деген ынтасын байқадық. Жылда алыс - жақын шетелдерде мемлекеттік тілді үйренуге деген қажеттілік күн сайын ұлғайып келеді. «Қандасым» оң бағасын алған, нәтижелі жоба болды. Жоба арқылы тіл үйренушілер қатарында түрлі мамандық иелері бар.
– «Қандасым» жобасын олар қайдан білді?
– Орталықтың ақпараттық кеңістікті игерудегі ашықтығы – мемлекеттік тілді үйренуге ниетті кез келген азаматқа қолжетімді болуы. Дәлірек айтсақ, әлеуметтік желілеріміздегі парақшаларымызда «Дистанционное обучение» бөліміне енгізілген тіл сабақтары қашықтан оқу әдісі арқылы тілдерді өз бетінше үйренуге ниетті тұлға үшін өте қолайлы. Бізді til-aktobe.kz сайты арқылы тапты. Шетелдегі қандастармен, соның ішінде Орынбор облысындағы қазақ диаспорасы өкілдерімен мәдени-гуманитарлық байланыс жалғасып келеді. Шетелдегі қандастарымыздың ана тілі мен қанында бар ұлттық құндылықты насихаттау мақсатында қазақ тілінен сабақтар, қызықты тренингтер өткізіп, әдістемелік көмек көрсетіп келеміз.
– Тіл оқыту курсында қандай әдіс қолданылады?
– Тыңдаушылар «Қалай оқытасыздар?» деп сұрап жатады. Тілдерді үйрету үшін оқытушылар сабақ барысында тіл үйретудің сан түрлі әдіс-тәсілдерді, бейне-аудио материалдарды, тілдік платформалар мен интернет ресурстарды пайдаланып сабақ өткізеді. Мектепті, жоғары оқу орнын бітірген ересектерге ережені жаттатып, жаттығу жазғызып оқыту мүмкін емес. Беретін білім қолданбалы болуы керек, тыңдаушыларға тұрмыста, қызметте қажетті, қолдана алатын дүниені ғана беруіміз керек.
– Салалық па сонда?
–Иә, адамның қызметіне, саласына, кәсібіне бағыттап оқыту. Грамматиканы үйіп-төгіп, ережелерді жаттату пайда бермейді. Мысалы, әскери қызметкерге әскери терминдерді, сөздер мен кәсіби сөз тіркестерін, қызметте қолданатын сөз орамдарын ғана үйрету керек, сонда ғана қысқа мерзімді курстар нәтижелі болмақ. Бұл – кәсіби қазақ тілі. Өз жұмысына қатысты мәтінді оқып, тапсырманы орындағанда, адам тіл үйренуге қызығады. Орталық педагогтары –- жас мамандар. Заманауи технологияларды жақсы білетін, жаңалыққа құмар оқытушылар сабақтарын түрлендіріп, қызықты өткізуге талпынып жүр.
– Сонда біз қазақ тілі курстарын ағылшын тілі курстары сияқты өткіземіз бе?
– Иә, қазақ тілін екінші тіл әдістемесі немесе шетел тілі әдістемесімен оқытамыз. Біздің контингентіміз әртүрлі. Бір топта 18-дегі жас бала мен 50-дегі кісі отыруы мүмкін. Бұдан 10 жыл бұрынғы «мен қазақ тілін үйренер едім, егер дұрыс кітап, бағдарлама болса» деген әңгімелер бүгінде өзекті емес. Қазір интернет ресурстарда неше түрлі қызықты сабақтар, тренингтер, бейнефильмдер мен мультфильмдер бар.
– Жеткілікті ме?
– Контент мол, сан түрлі болуы керек. Қазан айында ғана 2023-2029 жылдарға арналған ҚР Тіл саясатын дамытудың тұжырымдамасы қабылданды. Сол тұжырымдамада 2029 жылға дейінгі көрсеткіштер бар. Облысымызда қазақ тілінде ортақ тілдік орта бар. Адам тілді қажеттілік болған жағдайда меңгереді. Ал қажеттілікті қызметіңіз, айналаңыздағы орта туғызса, сабақта үйренген сөздеріңізді тұрмыста қолдансаңыз, тіл қолданушыларымен тілдік қарым-қатынасқа түссеңіз, сонда ғана сөйлейсіз. Мен педагог ретінде айтарым, күнделікті тұрмыста қазақ тілінде көп сөйлеуге, жазуға тырысыңыз, телефондағы қосымшаларды қазақ тіліне аударып, жаңалықтарды, әлеуметтік желідегі дүниелерді қазақша қараған дұрыс. Тілдік ортаға еніп, сөйлесу және ақпарат алмасу арқылы тілдік кедергілерді жеңуге болады.
– Сіз айтқан Мәртөк, Қарғалы, Хромтау секілді шекарадағы аудандарда сұраныс бар ма?
– Орыс тілі басым үш аудан мен Ақтөбе қаласында тілдік курстар ұйымдастырылады. Биыл 1680 адам қазақ тілі, 320 адам ағылшын тілі курстарымен қамтылды. Тыңдаушыларымыздың көбі жастар және орта жастағылар. Олардың мақсаты – еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу, және ол үшін мемлекеттік тілді білу міндетті екенін түсінеді. Ал үш ауданға келер болсам, курстарда жергілікті мамандар, қазақ тілі пәні мұғалімдері, дәріс береді. Курсқа шақыру алдын ала жіберіледі, хабарландыру жасалады. Аудан ғана емес, ауыл тұрғындары да оқуға онлайн форматында қосыла алады.
– Орталыққа көбіне өзге ұлт өкілдері келе ме әлде өзіміздің қазақтар ма?
– Орталыққа келетін тыңдаушылардың 43%-ы өзге ұлт өкілдері. Курсқа жазылушылардың барлығы дерлік күнделікті тұрмыста қазақ тілінде еркін сөйлегісі, ресми құжаттарды жазуды үйренгісі келеді. Біздің еліміздің тарихы мен мәдениетін білуге құштар АҚШ азаматы да тіл үйреніп жүр. Бес жыл бұрынғы Ақтөбе мен және бүгінгі Ақтөбенің тілдік келбеті әртүрлі, енді 5 жылдан кейін мүлдем басқаша болатына сенімдімін.
– Қандай болады?
– Әрине, қазақ тілі басымдықта болады деген үміттемін. Көп тілді меңгеріп, үйренген дұрыс, бірақ ана тілін білу – парыз. Қазір мемлекеттік басқару органдарындағы құжат айналымының 99%-ы мемлекеттік тілде, географиялық атаулардың 96%-ы қазақ тілінде. Бір нәрсе ақиқат – барлық салада қазақ тілін дау-дамайға айналдырмай, тілдік кемсітушілікке жол бермей, дамыта беру керек.
– Салада қандайда бір түйткілді мәселе бар ма?
– Қазақ тілін нашар білетін қызметкерлерге мекеме басшылары жағдай жасаса дейміз. Мекемелерінде курс ашуға өтініш берсе, міндетті түрде ұйымдастырылады, тек ынта болса болғаны. Мекемелерден көп сұраныс түседі. Шекара бекеті, әуежай, пошта, сұлулық салоны т.б. халыққа қызмет көрсету салаларын қамтуға тырысамыз, себебі келген клиенттің өтінішін түсіну, оған сапалы қызмет көрсету өте маңызды. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында биыл осындай 100-ден астам шара ұйымдастырылды. Олар: мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру шаралары, тілдік шеберлік сағаттары, ашық диктанттар, латын графикасын насихаттау және т.б. шаралар.
– Әңгімеңізге рақмет!