«Қоршаған орта қолдауға мұқтаж» - республикалық басылымдарға шолу

None
АСТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 22 қыркүйек, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Дін діңгегі - адами құндылықтар» деген тақырыппен мақала басты. Мақалаға кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың төрағалығымен өткен палатаның кезекті пленарлық отырысында көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, отырыстың күн тәртібіне соңғы кезде қоғам тарапынан қызу талқыға түсіп жүрген діни қызмет мәселесіне қатысты заң жобалары шығарылды. Онда аталмыш құжаттар бойынша баяндама жасаған Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шәріп енді шетелдік миссионерлердің Дін істері жө­нін­дегі агент­тіктің аумақтық департаменттерінде жыл сайын қай­та тіркеуден өтуге міндетті екендігін ерекше атап кетті. Миссионер ретінде тіркеуден өту үшін құжаттар ұсынған жаққа егер оның миссионерлік қызметі конс­титуциялық құрылысқа, қоғам­дық тәртіпке, адам құқықтары мен бостанды­ғына, халықтың ден­саулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, дінтану сараптамасының теріс қоры­тын­ды­сы негізінде тіркеуден өткізу­ден бас тартылатын болады.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, кеше елордада «Еуропа үшін қоршаған орта» атты VII Жалпы­еуро­па­лық қоршаған ортаны қорғау министрлерінің конференция­сы­ ашылды. ОндаҚор­ша­ған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшім журналистермен әңгіме барысында елімізге ай­нал­малы сумен қамтамасыз ету­дің еуропалық стандарттарын ен­гізу туралы ойларымен бө­лісті. «Осыған байланысты ар­найы заң жобасын біз Мәжіліске биыл ұсын­ғымыз келген, алайда бір­қа­тар мәселелер туындап отыр. Айналмалы сумен қамта­ма­сыз етудің мақсаты пайда­ла­ныл­ған суды табиғатқа таза күйін­де қайтару болып табы­лады. Еуропада бұл жүйе әлде­қашан қолданысқа енгізілген, біз де осыны қуаттағымыз келеді», - деді министр. Мақаланың тақырыбы - «Қоршаған орта қолдауға мұқтаж».

***

«Жаратқанның да есебі болар, жерін пайдасыз құммен толтырғанмен, астын өлшеусіз мұнаймен әрлепті. Бірақ бұрнағы күні мұнайды да өлшеусіз байлық дейтін жаттанды сөзден бас тартатын болдық. Себебі елу жылда ел жаңа демекші, жарты ғасыр өткен соң мұнайдың тамшысын есептеп, таразыға тартатын күн туады деген деректер бар. Егер, дәл осы қарқынмен, яғни мешкейлікпен жердің астындағы байлықты сорумен болсақ, жарты ғасыр дегеніміз асыра айтқандық болуы ықтимал. Сондықтан мұнай тапшылығы болашақта әлемде ұлы дүрбелең туғызуы ықтимал»,-деп жазады «Айқын» басылымының апталығы. Аталмыш мәселе басылымның бүгін шыққан апталық санында «Қазақтың бар байлығы астында» деген тақырыппен жарық көрді.

Сондай-ақ «Айқын» бүгінгі санында саясаттанушы Расул Жұмаұлымен болған сұхбатты жариялапты. Саясаттанушының айтуынша, соңғы кездері дін тақы­рыбындағы пікірталастардың көрігі қызып тұр. Діни идеяға ұлттық идеяны қарсы қою идеясын да ұсына бастағандар бар. Бұл араб мемлекеттерінде әбден іске асқан сценарий. «Меніңше, діни идео­логия мен ұлттық-мемлекеттік идеология екі әлем. Тіпті екі жа­ғалауда тұр десе де болады. Мүм­кін жоғарыдағылардың дәйек­темелері де бар шығар. Мен Қа­зақ­станның діни бағытпен да­мы­ғанын қаламаймын. Біз тек рухани құндылықтарға көңіл бөліп, сая­си, экономикалық астарына үңіл­мей отырған тәріздіміз»,-дейді Р.Жұмаұлы. Оның елдегі осы және өзге де бірқатар саяси мәселелерге қатысты пікірін «Қазақстанға экономикалық-саяси мәселелерді шешіп алуға мүмкіндік туып тұр!», атты мақаладан біле аласыздар.

***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, жуырда Парламент Мәжілісінде 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қаралған. Аталмыш құжатқа сәйкес, Ішкі істер министрлігіне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жалпы көлемі 24,8 миллиард теңге бөлу қарастырылса, соның 12,9 миллиард теңгесі діни экстремизммен күреске арналған. Бұл сома 2011 жылмен салыстырғанда 10 есеге артық. Мақала «Діни экстремизммен күрес - мемлекеттің күн тәртібінде» деген тақырыппен беріліп отыр.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, бізде басшыны сапалық көрсеткішіне емес, жынысына қарай таңдайды екен. «Таяуда Бүкіәлемдік банк жариялаған «2012 жылғы әлемнің дамуы: гендерлік теңдік және өркендеу» атты баяндама осындай қорытынды жасады. Мәселен, Еуропа мен Орталық Азия аймағындағы әйелдердің білімі еркектерге қарағанда, жоғары болатынына қарамастан, нәзік жандылардың табысы қарсы жыныстағылардікінен орташа есеппен 20 пайызға төмен болып келеді екен. Сондай-ақ HeadHunter зерттеу орталығының жүргізген сауалнамасының нәтижесі жер шарындағы еркек кіндіктілердің 64 пайызы бастық-бикештерге тәуелді болғысы келмейтіндіктерін анықтапты» деп жазады басылым. Бұл мәселе «Алаш айнасында» «Бізде бастықтардың көбі неге ер адам?» деген тақырыппен басылған.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, «Нұр Отан» партиясының платформасы сәтті жүзеге асты. Соңғы 5 жылда Қазақстан дағдарыстың салдарына қарамастан экономика өсімін сақтап тұрды. Тіпті ең қиын деген жылдарда отандық ішкі жалпы өнім көлемі өсіп отырды. Айталық 2009 жылы Ресей экономикасы 7,9 пайызға, ал Украина экономикасы 15,1 пайызға төмендегенде Қазақстанның экономикалық өсімі 1,2 пайызды құрады. Бұл туралы нақты мәліметтерді «Казахстанская правданың» бүгінгі санындағы «Установка на отличный результат» атты мақаладан қанығуға болады.