14:17, 19 Маусым 2009
Қоршаған ортаға тасталатын зиянды қалдықтардың 60 пайызы көліктердің үлесінде ? Көлік және коммуникация министрлігі
АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Соңғы жылдары автокөлік құралдарының қоршаған ортаны ластауы жағдайы барынша үдеп барады.
Бүгінде еліміздің ірі қалаларындағы қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттардың 60 пайызы осы көліктерден келеді. Бұл мәліметтер жөнінде бүгін елімізге тасымалданатын көліктерге халықаралық Еуро стандарттарын енгізу мәселесіне байланысты өткен баспасөз мәслихатында Көлік және коммуникация министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және көлік коммуникациялық кешенін дамыту департаментінің директоры Болат Жансүгіров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, көліктердің ауаны ластау жағдайы, әсіресе, Алматыда қиын болып тұр. Ондағы көліктерден атмосфераға тасталатын зиянды заттар тәулігіне 507 тоннаны құрайды. Ал жылдық көрсеткіш 150-200 тонна немесе ауадағы зиянды қалдықтардың 90 пайызына жетеді. «Ескірген көліктердің двигательдерінде 170-тан астам зиянды қоспалар бар. Мысалы, жалғыз ғана көліктің 1 жыл ішінде ауаға тастайтын қалдықтарының ішінде көмірқышқыл оксиді 800 киләні, азот оксиді 40 киләні құрайды. Олардың арасында аталғаннан өзге 20 киләдан астам түрлі қөмірқышқыл заттары бар. Осылайша көлік түтінімен қоршаған ортаға 200-ден астам зиянды заттар түседі», - деді департамент директоры. Оның мәліметтеріне қарағанда, аталмыш заттардың денсаулыққа тигізетін әсерінен онкологиялық және тыныс алу жолдарына байланысты ауруларға шалдаққандар саны артып отыр. «Сондықтан да Еуро стандарттарын енгізу бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Аталмыш шара тек сырттан тасымалданатын көліктерге ғана қолданылады. Ал бұрыннан пайдаланылып жүрген көліктердің бұл шараға қатысы жоқ», - деді министрлік өкілі.