Қоршаған ортаға зиян келтірген «АрселорМиттал Теміртаудан» 504 млн. теңге өндіріп алуға шешім шығарылды

None
ҚАРАҒАНДЫ. 29 наурыз. ҚазАқпарат - «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қоршаған ортаға қауіпті шығарындылар нормасын асырып жібергені үшін 504 млн. теңге айыппұл салды.

Бұл туралы бүгін брифинг барысында Қарағанды облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз хатшысы Индира Құсбаева мәлім етті.

«2013 жылдың 28 наурызында «Қарағанды облыстық экологиялық реттеу және бақылау комитеті Экология департаменті» мекемесінің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ынан 504 млн. теңге сомасында шығын өтеу туралы талап арызы бойынша сырттай шешім шығарылды. Талап арыз толық көлемде қанағаттандырылды», - деді И.Құсбаева.

Оның атап өтуінше, өткен жылдың желтоқсан айында табиғатты қорғау прокуратурасының талабына орай департамент компанияның табиғатты қорғау заңнамасын сақтауына қатысты тексеру жүргізген. Нәтижесінде компанияның шаруашылық қызметтер жүргізу барысында қоршаған ортаны ластайтын заттар эмиссиясының рұқсат етілмеген көлемін шығарғандығы анықталған.

Жауап беруші тараптың өкілі сот отырысына келген жоқ. Сондықтан да сот үкімі сырттай шығарылды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.