Алматыдағы «Гүлстан» гүл бағына тәжірибе алмасу мақсатында Бішкек қаласынан келген Ж. Баласағын атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің Педагогикалық кадрларды мақсатты даярлау институтының оқытушысы Эльмира Наматова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты.
«Біздің бұл сапарымыздың басты мақсаты - «Гүлстанның» тәжірибесі бойынша білім беру мекемелерін жасылдандыру арқылы оқушыларға экологиялық тәрбие берудің педагогикалық негіздерімен танысу. Өйткені қоршаған ортаны жасылдандыруда қазір «мектеп - оқушы - ата-ана» арасындағы үштұғырлы байланыстың рөлі әлсіз. Оған білім беру ұйымдарында бұл бағытта қажетті оқу құралдарының жеткіліксіздігі өз ықпалын тигізуде», - дейді Э.Наматова. Жоғары оқу орнында математика пәнінен дәріс беретін ол осы уақытқа дейін Қырғызстанда қанша іздестірсе де гүлдер әлемі туралы қырғыз тілінде бірде-бір оқулық таба алмапты. Жақында институт кітапханасы тарту етілген «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гөзел Құлжабаеваның қазақ тіліндегі «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенімен танысқан соң, автормен байланысқан көрінеді. Игілікті бастаманың нәтижесін көзбен көру үшін Педагогикалық кадрларды мақсатты даярлау институтынан 7 шәкіртін ерте келіпті.
« Біз 2 аптаның ішінде 50-ден астам гүлдің қазақша, қырғызша, орысша, ағылшынша атын біліп, көгалдандыру әліппесін қырғызшаға аударуға әрекеттеніп жатырмыз. Оны елге оралған соң сөздіктерге қарап тексеріп, ғалымдармен ақылдасып, толықтырамыз. Өйткені мұнда біз қырғызша да, орысша да аударылмаған бұған дейін кездеспеген бірқатар гүлдерді көрдік», - дейді Эльмира Наматова. Оның пайымдауынша, қазір қоршаған ортаны көгалдандыру жеткілікті деңгейде насихатталмайды. Тіпті үйде де, көшеде де және әлеуметтік маңызы бар мектеп, аурухана, әкімшілік үйі сияқты нысандарда да әркім қолына түскенді егуде. Оның пайдасы мен зияны көп жағдайда ескерілмейді. Сондықтан бұл ахуалды түзетуге білім беру ұйымдары ұйытқы болулары керек.