Қоршаған ортаны қорғау министрі жұмыс сапарымен Испанияға барды
Бұл туралы Испаниядағы ҚР Елшілігінен хабарлады.
Сапар аясында Н. Қаппаровтың Испания Корольдігі Ауыл шаруашылығы, тамақ және қоршаған ортаны қорғау министрлігі Қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Федерико Рамос де Армаспен кездесуі өтті. Кездесу барысында қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану, қалдықтарды жинақтау мен өңдеу, сондай-ақ «жасыл экономика» және қалпына келтірілетін энергетика салаларында екіжақты ынтымақтастық орнатуға қатысты сұрақтар талқыланды.
Сонымен қатар, Қоршаған ортаны қорғау министрі қала басшылығы мен жергілікті компаниялардың халықаралық ЭКСПО-2008 көрмесін өткізуге байланысты тәжірибесімен танысу мақсатында Сарагоса қаласында болды. Сол сапар шеңберінде қала әкімі-«EXPO Zaragoza Empresarias» өңірлік корпорациясының басшысы Хуан Антонио Белочпен кездесіп, ЭКСПО-2008 ұйымдастырылған алаңмен танысты.
Халықаралық ЭКСПО-2008 көрмесі 2008 жылғы 14 маусым мен 14 қыркүйек аралығында Сарагосада болған еді. «Су және тұрақты даму» тақырыбымен өткен көрмеге 104 мемлекет өкілдері қатысты. Осы көрмені тамашалау барысында ҚР Президенті Н.Назарбаев, осындай іс-шараны Қазақстан аумағында өткізу туралы пікір білдірген еді.
Сондай-ақ, Н.Қаппаров Наварра автономиялық қауымдастығына сапар жасады, «Acciona» компаниясы кәсіпорындарының жұмысымен танысып, келіссөздер жүргізді. Олардың ішінде қалпына келтірілетін қуат нысандарын қадағалау орталығы, жел энергетикасы саймандарын шығару зауыты, сондай-ақ сабаннан электр өндіру кәсіпорны бар.
«Acciona» қалпына келтірілетін қуат көздерінің инфрақұрылым жүйелерін дамыту, салу және оларды басқару бойынша әлемдегі көшбасшы компаниялардың қатарына кіреді. Компанияның 35 мыңнан астам қызметкері бес құрлықтың 30-дан астам елінде жұмыс істейді. Жылдық қаржы айналымы 6 млрд. еуродан асады.
Бұған қоса, Н. Қаппаров испандық қоршаған ортаны қорғау және қалпына келтірілетін энергетика саласындағы жетекші компаниялардың басшыларымен олардың жобаларын Қазақстанда іске асыру мәселесін талқылау үшін басқа да кездесулер өткізді. Солардың қатарында, әлемдік деңгейдегі Imabe Iberica, Eptisa, Elecnor, CAF және т.б. бар.