Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Киото хаттамасына байланысты мәселелерді талқылады

Фото: None
АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде «БҰҰ-ның климаттық өзгеруі туралы конвенциясына қосымша Киото хаттамасын бекіту туралы» заңның күшіне енуіне байланысты мәселелер талқыланды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Естеріңізге сала кетейік,  Киото хаттамасы осы Конвенцияны жүзеге асыратын құрал және парниктік газдардың ауаға таралуын азайтуға жағдай қалыптастыратын құжат болып есептеледі. Хаттама  1997 жылы   желтоқсанның 11-інде  Жапонияның  Киото қаласында  қабылданды.  Қазір  бұл хаттамаға  әлемнің 183 мемлекеті қол қойған.  Киото хаттамасын бекіту Қазақстанның  экономикалық дамуына жағдай жасап, энергияны үнемдеу мәселесін шешу мен тиімді энергетикалық саясат жүргізу үшін жаңа негіз қалайды. Киото  хаттамасы инвестицияларды  тартудың  тетігі  болып табылады. Парниктік газдардың эмиссиясын азайтуды, энергетиканың  дәстүрлі  салаларын жаңарту мен ресурстарды үнемдеуді және таза технологияларды енгізуді көздейді. Киото хаттамасын  бекіткен Қазақстан  ғаламдық климаттық мәселелерді реттеудің халықаралық үдерісіне толыққанды мүше ретінде қатысатын болады. Бұл шара еліміздің  «таза» дамуды қолдайтын  мемлекет ретіндегі халықаралық беделінің өсуіне ықпал етеді.

Алқа мәжілісін ашу барысында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта бірқатар маңызды міндеттерді шешу қажеттігін атап өтті. «Мәселен, ең алдымен Қазақстанның Киото хаттамасы (Б) Қосымшасына енуі үшін барлық күшті жұмылдыруымыз қажет. Бұдан басқа парникті газдармен саудаласу алаңдарын құру, парникті шығарындыларды есептеу мен кәсіпорындарда аталған газдарды сіңіру әдістерін жүзеге асыру, сондай‑ақ технологиялық газ жүйелерін тазалау технологияларын  енгізу шараларының да маңызы зор болмақ», деді министр. Сонымен бірге, алқа барысында жиынға қатысушылар Қазақстан Экология және климат ғылыми зерттеу институты әзірлеген парникті газдарды есептеу әдісіне арналған жобамен танысып шықты. Мамандар аталған әдіске  бірқатар  түзетулер енгізіп, оны қолданысқа енгізуге де болады, деп есептейді. 

Соңғы жаңалықтар