Қоршаған ортаны қорғау министрлігі құрылымында жемқорлық әрекеттер әлі күнге дейін бар - Бас прокуратура

АСТАНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат - Қоршаған ортаны қорғау министрлігі құрылымында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарының нақты нәтижесі жоқ емес.

Дегенмен, осы салада жемқорлық әрекеттер әлі күнге дейін бар. Бүгін «Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңестің кезекті отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Аскар Секішев  осылай айтты.

Оның хабарлауынша, бүгінде қоршаған ортаны қорғау саласында осы қызметке мүлдем қатысы жоқ азаматтар жұмыс істеп жатыр. Осылайша, Солтүстік Қазақстан облыстық экология басқармасының бастығы қызметін Кенжеғозин деген азамат атқарған. Ол - ауыл шаруашылығы саласының маманы. Сол сияқты Оразалинов та қаржы саласында істеп, ешбір экологиялық еңбек өтілі болмай, басшы қызметіне тағайындалған. Олардың екеуі де сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін сотталған.

«Ал облыстық филиалда қызмет атқарған Османова мен Белушкинаның жоғары білім жоқ болып шықты. Оларда Халықаралық академияның жоғары білім туралы жалған куәліктері анықталды. Жалпы, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің жемқорлықпен күрес жұмыстары Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссиясының 2010 жылғы отырысында, сондай-ақ 2011 жылы министрліктің ішінде де талқыланған болатын. Әрине, бұл жұмыстардың нақты нәтижесі де жоқ емес. Дегенмен, ведомство құрылымында жемқорлық әрекеттер әлі күнге дейін бар. Олардың басым бөлігі сан алуан шешімдерді шығару барысында жеке және заңды тұлғалардың мүддесін көздеумен байланысты», - деп атап көрсетті А.Секішев.