12:32, 08 Сәуір 2009
Қоршаған ортаны қорғау ведомствосының бұрынғы департамент басшысы мен «Меркурий плюс» компаниясының иесі Қазақстан аумағынан шығып кетті деген ақпарат бар - Қаржы полициясы
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қоршаған ортаны қорғау ведомствосының бұрынғы департамент басшысы мен «Меркурий плюс» компаниясының иесі Қазақстан аумағынан шығып кетті деген ақпарат бар.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қоршаған ортаны қорғау ведомствосының департамент басшысы Т.Савицкая мен «Меркурий плюс» компаниясының иесі В.Лайс жауапкершіліктен қашып бой тасалауда. Оларға іздеу жарияланды. Аталған адамдар Қазақстан аумағынан шығып кетті деген ақпарат бар», - деді ресми өкіл.
Бұдан бұрын Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі (қаржы полициясы) Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің екі вице-министріне ? А.Бірәлиев пен З.Сәрсембаевқа, осы министрліктің департамент директоры Т.Савицкаяға, «Меркурий плюс» ЖШС жетекшісі В.Лайсқа мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және қаржыны талан-таражға салды деп айып тағылғандығы туралы хабарлаған болатын. Осы жылғы наурыздың 30-ында қызметтік жағдайын пайдаланып, аталған бюджеттік қаржының талан-таражға түсуін ұйымдастырды деген күдікпен бұрынғы ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов ұсталды. Ол қазіргі кезде Астана қаласындағы тергеу изоляторында қамауда отыр.